Accessibility links

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын құжатқа қол қойылды


Каспий жағалауындағы бес ел басшылары

Ақтау қаласында өтіп жатқан бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды.

"V Каспий саммитінің отырысы нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Хасан Роухани, Ильхам Әлиев және Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий теңізінің құқықтық статусын анықтайтын құжатқа қол қойды. Ол бойынша 1996 жылдан бері жұмыстар жүргізіліп келді. Конвенцияның жобасы 2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде өткен Каспий жағалауы елдерінің сыртқы істер министрінің отырысы аясында түпкілікті түрде келісілді" делінген жексенбі күні таратылған хабарламада.

Конвенцияда Каспий теңізіне қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері анықталған. Құжатта табиғи ресурстарды қолдану, территориялық сулар, теңіздегі шекара, кеме жүру тәртібі, балық аулау құқығы, табиғатты қорғау мәселелері жазылған.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG