Accessibility links

Жұмаевтың адвокаты сотты кейінге қалдыруға қарсылық танытты


Абловас Жұмаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот ғимараты алдында. Ақтау, 14 тамыз 2018 жыл.
Абловас Жұмаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот ғимараты алдында. Ақтау, 14 тамыз 2018 жыл.

Тelegram әлеуметтік желісіндегі Қазақстанда экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының чатындағы жазбаларынан кейін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "билікті құлатпақ болды" деген айыптар тағылған Абловас Жұмаевтың соты тағы кейінге қалды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Аралбай Нағашыбаев қарауылдардың уақыты болмай, сотталуышыны әкеле алмағандықтан келесі соттың 16 тамызда өтетінін хабарлады.

Ақтау қалалық сотының судьясы Аралбай Нағашбаевтың сот отырысында мәлімдеуінше, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Берібек Нысанбаевтан 2018 жылы тамыз 13- інде хат келгенін, онда "жұмыстың көптігіне және басқа проблемаларға байланысты сотталушыны күзетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмағандығын" хабарлаған.

- Хатта келесі күзеттің 2018 жылдың 16 тамызында сағат 11-де болатынын ескерткен. Біздің де жұмысымыз бір апта бұрын белгіленіп қояды. Сондықтан 16 тамызға дейін үзіліс жарияланады, -деді судья Аралбай Нағашыбаев.

Бұл мәлімдемеге наразылық білдірген Абловас Жұмаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева бөлек шешім шығарып, сотталушыны сотқа жеткізілмегені үшін шара қолдануды талап етті. Оның сөзінше "конвойдың уақыты жоқтығы сотты кейінге қалдыруға негіз емес".

- Бұл - сот процесін әдейі созу. Дәл сол СИЗО-дан көрші залдағы сағат 10-да болатын басқа сот процесіне басқа сотталушыны жеткізіп отыр. Неге оларды бірге әкелмеді? - дейді Жанар Сүндетқалиева.

Сотқа қатысып отырған Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Аманжол Айтуғанов күзет мәселесіне қатысты пікірін айтудан бас тартты.

- Мен алдымен бастықтарыммен кеңесіп алуым керек. Бірақ біз де не себепті сотталушының жеткізілмегенін анықтаймыз, - деді ол.

Ақтау қаласының 44 жастағы тұрғыны Абловас Жұмаев 2018жылғы мамырдың 11-інде сот шешімімен қамауға алынған. ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке Абловас Жұмаевтың 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақберді мен тағы бір Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру - ред.) қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот сонымен қатар ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG