Accessibility links

Ауғанстанда "Талибан" шабуылынан ондаған сарбаз оққа ұшты


Ауғанстанда тексеру және өткізу бекетінде тұрған қауіпсіздік қызметкерлері (Көрнекі сурет).
Ауғанстанда тексеру және өткізу бекетінде тұрған қауіпсіздік қызметкерлері (Көрнекі сурет).

Ауғанстанның Бағлан уәлаятында тәліптердің әскери нысандарға шабуылынан кем дегенде 30 әскери қызметкер мен полицей қаза тапты. Уәлаят кеңесінің басшысы Мохаммад Сафдар Мохсенидің айтуынша, содырлар Баглан-и-Маркази ауданына шабуыл жасап, таяу маңдағы екі тексеру және өткізу бекетін өртеген. Уәлаят кеңесінің екі өкілі Хаятулла Вафа мен Асадулла Шабаз тәліптер кем дегенде бір әскери база мен бірнеше тексеру және өткізу бекетіне шабуыл жасағанын айтты.

"Талибан" қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид бұл шабуылдарды қозғалыс жасағанын мәлімдеді. Соңғы күндері Ауғанстанда "Талибан" шабуылы үдеп, ауған қауіпсіздік күштерінің ондаған сарбазы қаза тапқан.


Ауғанстанның оңтүстігіндегі Забул уәлаятында 15 тамыз күні таңертең тәліптер қауіпсіздік күштерінің бірнеше бекетіне шабуыл жасаған. Жергілікті полиция басшысы Мустафа Маярдың айтуынша, шабуылдан төрт полиция қызметкері оққа ұшып, бірнешеуі жараланған. Маярдың сөзінше, тәліптер уәлаяттың әкімшілік орталығы Калат қаласына шабуылда артиллерия мен ауыр қару-жарақ қолданған. Ол "Талибанның" жеті содырының көзі жойылып, бесеуі жараланғанын айтады.

2014 жылы НАТО әскерінің көбі Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін Батыс елдері қолдайтын Кабул тәліптер мен басқа да қарулы топтардың шабуылы мен тегеурініне төтеп беруге күш жұмсап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG