АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі Джон Болтон келесі аптада Женевада Израиль мен Украина өкілдерімен және Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен кездеседі. Бұл жайында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс хабарлады. Оның сөзінше, келіссөзде ұлттық қауіпсіздік мәселесі талқыланады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай кездесу жоспарда барын және оған дайындық болып жатқанын растады.
Болтон мен Патрушевтің кездесетінін бұған дейін Ресей Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мен Сыртқы істер министрлігі мәлімдеген. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, тараптар Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың келесі кездесуін талқылайды.
Маусымның соңында Болтон Мәскеуде Путинмен және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен. Болтон сапары кезінде Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуі мәселесін қозғап, Вашингтон Мәскеудің Украинадағы саясатымен келіспейтінін білдірген. Болтонның сапарынан соң Трамп пен Путин Хельсинкиде кездескен.
ПІКІРЛЕР