Accessibility links

Өртенген автобус ісі Ақтөбеде қаралатын болды


Ақтөбе маңында жанып кеткен автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе маңында жанып кеткен автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өртіне қатысты қылмыстық іс Ақтөбе қаласында қаралатын болды. Бірақ істі Ақтөбенің судьялары емес, Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетов қарайды. Бұл қаулыны Ақтөбе облыстық соты 16 тамыз күні қабылдады деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Облыстық соттың мәліметінше, автобус өртіне қатысты қылмыстық істі қарау оқиға болған жер Ырғыз ауданының сотына жүктелген. Ырғыз -облыс орталығынан 430 шақырымдағы шалғай аудан. Осыған орай адвокаттар Жүнісова, Әжіғалиева мен Әлимағамбетов қылмыстық істі облыс орталығы Ақтөбеде қарау туралы Ырғыз аудандық сотына арыз түсірген. Ырғыз аудандық соты 23 шілде күні адвокаттардың арызын қанағаттандырмау туралы қаулы қабылдаған.

16 тамыз күні адвокаттар шағымы Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында қаралады. Облыстық сот та адвокаттардың арызын қанағаттандырған жоқ. Яғни, қылмыстық істі Ырғыз аудандық соты қарайтын болды. Бірақ облыстық сот жердің шалғайлығын ескеріп, тараптардың процеске түгел қатысуына жағдай жасау үшін Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетов облыс орталығына қатынап, істі Ақтөбеде қарайды деп шешкен.


Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылғы 26 қаңтардан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Тергеу деректерінше, фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген айып тағылған.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара күре жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG