Accessibility links

Қырғызстан бас прокуратурасы: "Қазақстан Тұңғышбаев туралы сұрау салған жоқ"


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Бішкек сотының залында тұр. Көрнекі сурет
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Бішкек сотының залында тұр. Көрнекі сурет

Қырғызстанның бас прокуратурасының өкілі Жаркынай Азиева Азаттықтың Қырғыз қызметіне Қазақстаннан белсенді блогер Мұратбек Тұңғышбаевтың ісіне қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.

Бұған дейін белсендінің қырғызстандық адвокаты Нурбек Токтакунов Қазақстанның бас прокуратурасы Қырғызстанның әріптес органынан белсендіге тағылған айыпты ) Қазақстан қылмыстық кодексінің 405-бабынан ("Экстремистік ұйым қызметіне қатысу") 256-бабына ("Терроризмді насихаттау") өзгерту туралы сұрады деп мәлімдеген. Адвокат 405-бап бойынша Тұңғышбаевтың үш жылға дейінгі, 256-бап бойынша 12 жылға дейінгі түрме жазасына кесілуі мүмкін екенін айтқан.

Қазақстандық белсенді блогер Мұратбек Тұңғышбаев 10 мамыр күні Бішкекте ұсталған. 21 мамырда Қырғызстанның бас прокуратурасы оны Қазақстанға экстрадициялау талабын мақұлдаған.

Қазақстан билігі Тұңғышбаев биылғы наурызда сот шешімімен экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының қызметіне қатысты деп күдіктенеді. Бұл қозғалысты шетелде тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов құрған.

Тұңғышбаев "ҚДТ-мен байланысы туралы" айыптауды жоққа шығарады. Ол азаматтық белсенділігі үшін саяси себеппен қудалауға ұшырағанын айтады.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы Қырғызстан бас прокуратурасының шешімін заңды деп тапқан. 26 маусым күні Қырғызстан оны Қазақстанның құқыққорғау органдарына тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG