Украина инфрақұрылым министрі Владимир Омелян Ресеймен көлік қатынасына байланысты жаңа шектеулер енгізілетінін жария етті. Шектеулер жолаушыларды теміржолмен тасымалдауға ғана емес, автобус қатынасына да салынады.
"Бүгін тарихи құжатқа қол қойдым. Мәскеуге енді бұрынғы кездегідей тек аялар ғана барады" деп жазды министр Facebook-те. Омелян нақты қандай құжатқа қол қойғанын айтпады. Алайда, ведомство өкілі Украина мен Ресей арасында теміржол мен автобус қатынасы тоқтайтынын растады. Бұған қатысты түпкілікті шешімді Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі мен Украина үкіметі қабылдауы тиіс.
Бұған дейін инфрақұрылым министрлігі Ресей әскери кемелерінің Азов теңізіне украин жүк кемелерінің кіруіне тыйым салуына жауап ретінде бірнеше шара жоспарын дайындаған. Шектеулер қатарында екі ел арасында теміржолмен жолаушы тасымалдауды тоқтату шарасы бар. Бірер күн бұрын Мәскеу Киев теміржол және автобус қатынасын тоқтатса, Ресей жауап шараларын қабылдайтынын мәлімдеген.
"Украина теміржолдары" компаниясының мәліметінше, қазір Украина мен Ресей арасында 14 пойыз қатынайды. Олардың тоғызы - украиналық пойыздар. Соңғы төрт жылда Ресейге қатынайтын жолаушы саны бес есеге - жылына 900 мың адамға дейін азайып кеткен.
2014 жылы желтоқсанда Украина Ресей аннексиялап алған Қырым түбегімен теміржол қатынасын тоқтатқан. 2015 жылы қазан айында Киев Украина мен Ресей арасында әуе қатынасын тоқтататынын жариялаған.
ПІКІРЛЕР