Accessibility links

Түркістан облысы әкімдігі Шымкенттен Түркістан қаласына көшті


Түркістан облысының Шымкенттегі әкімдігі. 17 тамыз 2018 жыл.
Түркістан облысының Шымкенттегі әкімдігі. 17 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 17-сі күні Түркістан облысының әкімдігі Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

Шымкенттегі әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан бұрынғы Түркістан облысы әкімдігінің ғимараты алдында шара өтіп, онда облыс әкімдігін Шымкенттен Түркістан қаласына көшірудің маңыздылығы айтылды.

Облыс орталығының Шымкенттен көшуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:55 0:00

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы президент жарлығының шыққанына бірнеше күннен кейін екі ай толады. Түркістан қаласында әкімдіктің 24 басқармасы, облыс мәслихаты және министрліктердің аймақтағы департаментіне орындар даярланған.

- Облыс әкімдігі аппараты мен басқармаларын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру үшін үкіметтен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат әкімдік аппараты мен 24 басқарманың ғимаратын жалға алу мен мемлекеттік қызметкерлердің жалға алған пәтер ақысына, айлық жалақысына қосылатын 20 пайыз үстемеге жұмсалады. Қазіргі есеп бойынша, әкімдік аппаратының 800-дей қызметкеріне жатақхана мен пәтерлер қарастырылған. Әрбір қызметкер отбасымен көшеді деп есептелініп, жалдамалы баспанасы үшін 81 мың теңге төлеу қарастырылған, - дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Балтаев.

Шара соңында облыс әкімі бастаған мемлекеттік қызметкерлер автобустарға мініп, Түркістан қаласына жолға шықты.

20 маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру туралы жарлық шығарған. Жарлыққа сай, Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болды. Ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG