Accessibility links

Назарбаев солтүстікке көптеп көшуге шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) СҚО тұрғындарымен кездесіп тұр. Ильичевка, 17 тамыз 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) СҚО тұрғындарымен кездесіп тұр. Ильичевка, 17 тамыз 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 17 тамызда Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол Тайынша ауданы Ильичевка ауылында қытайлық инвесторлар салған "Тайынша май" зауытының жұмысымен танысты. Бұдан соң ауылға оңтүстіктен көшіп келген тұрғындармен кездесті.

- Оңтүстік өңірде халық көп орналасқан. Жұмыс жетпейді. Сондықтан мен осындай бағдарламаны («Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы - ред.) іске қостым. Көшкен кезде барлығыңызға мемлекет көмектеседі. Мынадай үйлерді кім береді сендерге? Онда (оңтүстікте - ред.) жер де жоқ мұны салатын. Огородтарың бар, алдарыңда жұмыстарың бар. Құдай бұйырса, балалар өсіп-өніп, барлығы осы жерде қалады, - деді ол.

Ресми дерек бойынша 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірден көшіп барғандар саны бес мыңға жеткен. Президент бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін, солтүстікте тұратын халықтың "табысы да, жағдайы да жоғары" екенін айтты. Облыстағы тұрғындардың басым көпшілігі - этникалық орыстар.

- Өзіміздің Отанымыз. Қайда барсаң да, барлығы - қазақтың жері. Сондықтан менің айтатыным, [оңтүстік тұрғындары] осы жаққа көбірек келсін. Жағдай жасалады. Бес мың адам келді. Ол аз. Ол жақта (оңтүстікте - ред.) бес-онға дейін балалары болады. Бізге керегі - сол. Мына жақта (солтүстік өңірде - ред.) өте кең жерлер бар. Мүмкіншіліктер бар, - деді Назарбаев.

Оңтүстіктен солтүстікке тұрғындарды көшіру жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. 2018 жылы СҚО-ға 649 отбасы көшіп келеді деп жоспарланған. Қазақстанның солтүстікке қарай орналасқан бірнеше облыс әкімдіктері 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасаған. Азаттық оңтүстіктен солтүстік өңірге көшіп барған кейбір тұрғынның уәделі көмекті ала алмай, күнкөрістері қиындағанын, тіпті қайта көшіп кеткендерін бұған дейін жазған еді. Жергілікті билік бұл жағдайды тұрғындардың өздерінен көрген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG