Accessibility links

"Транскаспий құбырын салу үшін бес елдің келісімі керек"


Каспий теңізінің Түркіменстан жағындағы бөлігі

Транскаспий құбырын салу үшін Каспий жағалауындағы барлық елдің келісімі керек деп мәлімдеді Ресейдің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Игорь Братчиков. Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғаннан кейін Транскаспий газ құбырының салыну мүмкіндігі мәселесіне қатысты Братчиковтың түсініктемесі жұма күні кешке қарай Ресей СІМ сайтында жарияланды.

"Конвенцияның 14-ші бабында тараптар [транскаспий құбыр желісін] төсей алады, бірақ құрылыс жобасы "халықаралық келісімдерде бекітілген экологиялық талаптар мен стандарттарға сай болуы тиіс, оның ішінде тараптар қабылдаған Каспий теңізінің теңіз тіршілігін қорғау туралы конвенция және оған сәйкес хаттамалар да бар" деп Братчиков атап көрсеткен.

Братчиковтың айтуынша, Каспий жағалауындағы кез-келген ел жобалау кезеңінен бастап экологияны бақылау процесіне қатыса алады. Бұған конвенция мүмкіндік береді.

Түркіменстан теңіз табаны арқылы өз газын Әзербайжанға жеткізіп, одан әрі батысқа – Түркияға, Қара теңізге және соңында Еуропаға жеткізетін газ құбырын салуды 20 жылдан бері армандап келеді. Транскаспий құбыры атпен белгілі жобаға бұған дейін Ресей мен Иран қарсылық танытып, бұл Каспийдің қайталанбас биосферасына зиян келтіруі мүмкін деп айтқан.

12 тамызда Ақтауда бес ел басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойған. Құжат теңізбен шектеспейтін елдерге Каспийде әскер орналастыруға тыйым салып, оны экономикалық мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG