Accessibility links

Веложарысқа байланысты Алматыда қозғалыс қиындаған


Жол полициясына шағымданып тұрған жүргізушілер. Алматы, 18 тамыз 2018 жыл
Жол полициясына шағымданып тұрған жүргізушілер. Алматы, 18 тамыз 2018 жыл

Бүгін Алматыда веложарыс өтуіне байланысты қаланың кейбір аудандарында көлік қозғалысы күрт қиындады. Сондай жағдайлардың біріне Азаттық тілшісі де куә болды. Тілшінің айтуынша, бүгін түске қарай Алматыға кіре берістегі Алғабас ауылы ішіндегі жолдар көлік кептелісіне толған.

Қалаға кіретін негізгі жолдардың бірі саналатын Алғабас жолымен шыққан көліктер Ақын Сара және Рысқұлов көшесіне шыға алмай ұзақ тұрды. Жолды полиция жауып, көліктерді өткізбей қойғанына жүргізушілер наразылық білдірді.

Жүргізушілер қала шетіндегі "автоцонға" баратын басқа жол жоқ деген соң жол полициясы Ақын Сара көшесінің тротуарымен өтуге рұқсат берді. Ал тротуардан өткен көліктер Момышұлы көшесіне өте алмай тұрған көліктерге барып тірелді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір жүргізушілер бүгін веложарыстың өтетіні жайлы естімегенін айтса, бірі дәл мұндай жағдайдың жиі қайталанатынына реніш білдірді. Жүргізушілердің бірі Саят Тұртаев Момышұлы көшесінің бойында тұрған үйіне кіре алмай тұрғанына бірнеше сағат болғанын айтып шағымданды. Дәл осыған ұқсас шағымды өзге де жүргізушілер айтты.

ВИДЕО: Жүргізушілердің Азаттық тілшісіне айтқан шағымдары (Видео тілшінің Facebook-тағы парақшасынан алынды)

Қалаға кіретін Райымбек даңғылында да жол қозғалысы қиындаған. Көлік кептелісі жайлы кейбір әлеуметтік желі қолданушылары да жазып жатыр. Мысалы, Арман Сқабылұлы есімді Facebook қолданушысы: "Алматы астан-кестең! Үш сағат болды - қаладан шыға алмай тығында тұрмыз" деп жазды.

Бұған дейін жергілікті билік 18 тамызда Алматыда «Tour of World Class Almaty 2018» кәсіби веложарысы өтетінін хабарлап, соған байланысты қаладағы бірқатар көшелердегі қозғалыс таңғы 5.30-дан бастап, түскі бірге дейін шектелетінін хабарлаған.

Әзірге, жол полициясы жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG