Accessibility links

БҰҰ Гулмурод Халимовқа қатысты санкцияны ұзартты


Гулмурод Ҳалимов
Гулмурод Ҳалимов

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылы "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымы қатарына қосылған Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің экс-командирі Гулмурод Халимовқа қатысты санкцияны ұзартты.

20 тамызда жарияланған жаңартылған санкцияда Халимов "әскери кеңесші әрі ұйымға адам тартушы" ретінде аталынған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Гулмурод Халимовқа қатысты санкцияны ұзартуы қашқын полковниктің нақты өлімі анықталмады дегенді білдіреді. Санкция тізімінде қаза тапқандардың аты-жөндері жойылған.

Былтыр Ресей Қорғаныс министрлігі Гулмурод Халимов Сирияның Дейр-эз-Зор қаласында Ресей авиациясы шабуылынан қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейбір дереккөздер Халимовтың тек жараланғанын хабарлаған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылы ИМ және "Әл-Каидаға" кіретін топтарға және жеке адамдарға қатысты санкция енгізген. Санкция тізіміне кірген топтар мен жеке адамдардың есеп шоттары бұғатталады, олардың шекарадан өтуіне және жүріп-тұруына тыйым салынады.

2016 жылдың жазында Гулмурод Халимов ИМ-нің "соғыс министрі" болып тағайындалған. Сол жылы АҚШ полковниктің тұрғылықты жері туралы ақпарат бергендерге 3 миллион доллар сыйақы беретінін жариялаған.

Гулмурод Халимов - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясына тап болған бірінші тәжік азаматы. 2015 жылдың сәуір айында ол із-түссіз жоғалып кеткен, кейін мамыр айында видео арқылы мәлімдеме жасап, өзінің Сирияда екенін, ИМ қатарына кіргенін хабарлаған.

2016 жылдың ақпан айында полковниктің екінші әйелі Хумайро Мирова балаларымен бірге құпия түрде Сирияға қашып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG