Accessibility links

АҚШ ықтимал соңғы нацисті Германияға депортациялады


Мюнхен маңындағы бұрынғы Дахау концлагеріне кіретін басты қақпа, Германия (Көрнекі сурет)
Мюнхен маңындағы бұрынғы Дахау концлагеріне кіретін басты қақпа, Германия (Көрнекі сурет)

АҚШ Польшадағы алты мыңға тарта еврей құрбан болған Травник концлагерінде күзетші болып істеген 95 жастағы Яков Палийді Германияға депортациялады. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады. Яков Палий - Үшінші рейхтің АҚШ аумағында тұрған ықтимал соңғы қылмыскері саналады. Палий АҚШ-қа 1949 жылы барған. Эмигрант ол кезде өзінің соғыс кезінде қарапайым жұмысшы болғаны туралы өтірік айтқан. Сегіз жыл өткен соң ол АҚШ азаматтығын алып, сол елде жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

Отыз жыл бұрын полиция Яков Палийдің аты-жөнін нацистік қылмыскерлер реестрінен тапқан. Концлагердің бұрынғы қызметкерлерінің бірі оның АҚШ-та тұратынын мәлімдеген. Палий 1993 жылы тергеушілерге берген жауабында өзі жайлы шындықты айтқан жағдайда АҚШ азаматтығын алуы неғайбыл болатынын мәлімдеген.

2003 жылы сот Палийді еврейлерге қарсы қылмыс жасады деп айыптап, АҚШ азаматтығынан айырған. Алайда, депортациялайтын кезде Украина, Польша, я Германияның ешқайсысы Яковты қабылдағысы келмейтіні белгілі болған.

Биыл наурызда Ричард Гренелл АҚШ-тың Германиядағы елшісі қызметіне кіріскен. АҚШ президенті Дональд Трамп оған Палийдің ісін алға жылжытуды тапсырған. Берлинмен жүргізілген келіссөзден соң Яков ресми түрде азаматтығы жоқ адам болғанына қарамастан Германияға депортацияланды. Bild басылымының хабарлауынша, Германияда ол қарттар үйіне орналастырылды.

Германия 2009 жылы Үшінші рейх лагерінің тағы бір ықтимал күзетшісі, АҚШ-та жасырынған Иван Демьянюкті де Яков сияқты жағдайда қабылдаған. Демьянюк 2011 жылы 28 мыңнан астам адамның өліміне кінәлі деп танылған еді. Ол 10 айдан соң, апелляциялық сот отырысына жетпей, 91 жасында қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG