Accessibility links

НАТО Путиннің "Ресейге қауіп төнді" дегенін жоққа шығарды


Оана Лунгеску, НАТО баспасөз хатшысы.
Оана Лунгеску, НАТО баспасөз хатшысы.

НАТО Ресей президенті Владимир Путиннің Шығыс Еуропадағы альянс күштері Ресейге қауіп төндіреді деген мәлімдемесін терістеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ұйым баспасөз хатшысы Оана Лунгеску НАТО "қорғану мақсатында" әрекет етіп жатқанын және ол халықаралық құқыққа толық сай келетінін айтты.

НАТО өкілінің сөзінше, Ресеймен шекаралас Еуропа елдерінде орналасқан төрт мың әскери қызметкер Мәскеудің аймақтағы әскерінің санына тең келмейді. Оана Лунгеску "Ресей Украина, Грузия және Молдовада бұл елдер билігінің еркінен тыс әскер ұстап отырғанын" айтты.

Оана Лунгеску Владимир Путиннің НАТО әскери ұшақтардың үшу ережесін талқылағысы келмейді деген тұжырымын жоққа шығарды. Оның сөзінше, мұндай мәселе Ресей - НАТО саммитінде көтерілген.

Бұған дейін РИА "Новости" Путиннің "НАТО инфрақұрылымы Ресеймен шекараға жақындап келеді" деген сөзін жариялаған еді. Путин альянс Мәскеумен әскери ұшақтар қозғалысы мәселесін талқылағысы келмейді деп мәлімдеген.

Ресей 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алған соң НАТО Литва, Латвия, Эстония және Польшаға төрт мың әскери қызметкер орналастырған. Бұл әскер Ресеймен соғыс бола қалған жағдайда одақтастардың негізгі күші жеткенше қарсыласқа тойтарыс бере тұрады деп жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG