Accessibility links

Ақбердиева адвокатының талабы орындалмады


Айгүл Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева.
Айгүл Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева.

23 тамызда Ақтау қаласындағы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатына жазған хабарламасы үшін күдікті болған Айгүл Ақбердиеваның ісі қаралды. Судья күдіктінің адвокаты түсірген қосымша сараптама жасау туралы өтінішті қабылдамай тастады. Ақбердиева "билікті күштеп құлатуға шақырды" деп айыпталған. Сот отырысы жабық өткендіктен Азаттық тілшісі отырысқа қатыстырылмады.

Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева "тергеуші күдіктіні қорғайтын сараптама жасауға мүмкіндік бермегенін" айтты.

Сүндетқалиеваның сөзінше, Ақбердиева Тelegram чаттағы хабарламаларында билікті құлату туралы үндеу жазбаған, конституцияда кепіл берілген сөз бостандығын пайдаланып, жеке пікірін білдірген.

- Сот сараптамасы оның аудио хабарламалары мен сегіз беттік стенограммасына ғана талдау жасаған. Біздің адвокат ретінде психологиялық, филологиялық кешенді сараптама жасау туралы өтінішімізді тергеуші қабылдамады. Соған қатысты шағым түсірдік, - деді адвокат.

Ақбердиеваның тағы бір адвокаты Максим Невеселовтың сөзінше, бейсенбі күнгі отырыста судья Ғабиден Орахов прокурор мен тергеушінің "қосымша сараптама қажет емес" деген пікірін қуаттап, қаулы шығарған.

Ақтау тұрғыны Айгүл Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың 26 маусымында қозғалып, ол тамыздың 8-інде күдікті деп танылған. 38 жастағы Ақбердиева - Тelegram әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін істі болып жатқан Абловас Жұмаевтың әйелі. Олардың кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Абловас Жұмаев 2018 жылғы 11 мамыр күнгі сот шешімімен қамауға алынған. Оған қатысты сот процесі 31 шілдеден бері жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG