Accessibility links

Мұратбек Тұңғышбаевты қамау мерзімі ұзарды


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев әйелі Мерей Қалиевамен тілдесіп тұр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев әйелі Мерей Қалиевамен тілдесіп тұр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.

Қамаудағы оппозициялық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Айнұр Омарова хабарлады.

- Бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Жанәбіл Ақынов, Мұратбектің қамауда қыркүйектің 27-сіне дейін болатыны жайлы шешім шығарды. Осылайша, ол прокурордың өтінішін қанағаттандырды, - деді адвокат.

Жұма, тамыздың 24 күні таңғы сағат 11-де басталуы тиіс сот түскі 1-де басталды. Сотқа прокурор Төлеген Жараспаев, Тұңғышбаевтың адвокаттары Айнұр Омарова мен Төрехан Мұхтаров, қоғамдық қорғаушылары - Тұңғышбаевтың анасы мен әйелі және бірнеше жақтаушылары келді. Судья сот процесі басталғанда залдағы барлық бақылаушыларды шығарып жіберді, кейін Азаттық тілшісі мен құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина, Ерлан Қалиев, журналист Инга Иманбай және азаматтық белсенді Асхат Берсәлімовті ғана кіргізді.

Алдымен сөз алған прокурор Жараспаев, "Тұңғышбаев ісін тергеу жұмыстары аяқталмағандықтан, 16 шілде күні тағайындалған сараптама қорытындысы әлі шықпағандықтан, оны қамау мерзімін бір айға ұзартуды" сұрады.

Алайда, Тұңғышбаевтың адвокаттары мен қорғаушылары судьяға оның қамауда отыруы денсаулығына қауіпті екенін айтты.

- Тұңғышбаевқа тағылған бап – аса ауыр қылмыс болып саналмайды. Сонымен қатар, оның Бішкекте операция жасаған сол көзі тиісті медициналық күтім болмағандықтан қазір асқынып, мүлдем көрмей қалған. Алматыдағы көз аурулары институтының дәрігерлері бүгін көзіне кезекті операция жасауы тиіс. Одан кейін де стационарда емделуі керек. Тергеу абақтысында қажетті дәрі-дәрмек те, жағдай да жоқ. Егер Тұңғышбаевты қазір қамаудан үйқамаққа босатпасақ, ол мүгедек болып қалуы мүмкін, - деді сотта адвокат Айнұр Омарова.

Мұратбек Тұңғышбаевтың адвокаттары Төрехан Мұхтаров пен Айнұр Омарова сот залында. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.
Мұратбек Тұңғышбаевтың адвокаттары Төрехан Мұхтаров пен Айнұр Омарова сот залында. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл.

Сотта сөз алған Мұратбек Тұңғышбаевтың анасы Бақтыбала Тұңғышбаева "Баламның асқазаны ауырады, оған диете ұстау қажет, ал тергеу абақтысындағылар біз апарған айран, су мен ыстық сорпаны жібермейді" деді.

Мұратбек Тұңғышбаевты үйқамаққа ауыстыру мақсатында құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ерлан Қалиев өздерін кепіл ретінде ұсынды. Ал анасы өзі тұрып жатқан үйін кепілге беруге дайын екенін жеткізді. Алайда, судья бұл уәждерді қабылдамай, қамау мерзімін бір айға ұзартты. Осыдан кейін Мұратбек Тұңғышбаев конвоймен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына ауырухаға жеткізді. Әйелі Мерей Қалиеваның сөзінше, қазір оны операцияға алып кеткен.

Қазақстандық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаев 10 мамыр күні Бішкекте ұсталған. 21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы оны Қазақстанға экстрадициялау талабын мақұлдаған.

Қазақстан билігі Тұңғышбаев биылғы наурызда сот шешімімен экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының қызметіне қатысты деп күдіктенеді. Бұл қозғалысты шетелде тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов құрған.

Тұңғышбаев "ҚДТ-мен байланысы туралы" айыптауды жоққа шығарады. Ол азаматтық белсенділігі үшін саяси себеппен қудалауға ұшырағанын айтады.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы Қырғызстан бас прокуратурасының шешімін заңды деп тапқан. 26 маусым күні Қырғызстан оны Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырған.

Мұратбек Тұңғышбаевтың соты (24.08.2018)

Мұратбек Тұңғышбаевты қамау мерзімін ұзарту
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:37 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG