Accessibility links

Ауған президенті қауіпсіздік басшыларының отставкасын қабылдамады


Хамдулла Мохиб, Ауғанстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі, президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі
Хамдулла Мохиб, Ауғанстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі, президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани үкіметіндегі жоғары лауазымды үш қауіпсіздік қызметкерінің отставкасын қабылдамай тастады. Мұның алдында ол өзінің Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісін ауыстырған еді.

26 тамызда президент Ғани қорғаныс министрі Тарик Шах Бахрамидің, ішкі істер министрі Уайс Бармактың және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Масум Станекзайдың қызметтерінде қала беруін және "қауіпсіздік жағдайын жақсарта түсу үшін еңбек етулерін" сұрағанын мәлімдеді.

25 тамызда Ғанидың өкілі Азаттық радиосына президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Мохаммад Ханиф Атмардың қызметтен кету туралы өтінішін қабылдағанын, оның орнына АҚШ-та елші болған Хамдулла Мохибті тағайындағанын растаған.

Бірнеше сағаттан соң кейбір БАҚ Бахрами, Бармак пен Станекзай да отставкаға кетіпті деген хабар таратқан. Reuters-тің ақпаратына сәйкес, бұл үш лауазымды тұлға елдегі қауіпсіздік ахуалы нашарлап бара жатқан тұста үкіметтің саясатымен келіспейтіндіктерін білдірген.

Ауғанстандық TOLOnews ақпарат агенттігі жариялаған Атмардың қызметтен кету туралы өтініш хатының көшірмесінде бұрынғы қауіпсіздік кеңесшісі "үкіметтің ең жоғары деңгейінде келіспеушілік бар" екенін жазған. Хатты расында да Атмардың жазғандығы анықталған жоқ.

Атмар бұған дейін бұрынғы президент Хамид Карзайдың қол астында ішкі істер министрі болып қызмет атқарған, 2014 жылдан бері Ашраф Ғанидың жақын серігі еді.

Соңғы бірнеше апта ішінде Ауғанстандағы қауіпсіздік ахуалы тіпті нашарлай түскен. Талибан мен ДАИШ содырлары мойындарына алған шабуылдар кезінде ел астанасы Кабулдың бірнеше ауданында бомба жарылып, президент сарайының маңына зымыран түсіп, ондаған адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG