Accessibility links

Иранда жер сілкініп, бірнеше адам өлді


Иранның Керманшах уәлаятында зілзаладан зардап шеккендер. 26 тамыз 2018 жыл.
Иранның Керманшах уәлаятында зілзаладан зардап шеккендер. 26 тамыз 2018 жыл.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Иранның батысында алты балдық зілзала болып, кем дегенде екі адам қаза тапқан, 240-тан астамы жараланған.

АҚШ-тың Геологиялық бақылау қызметі 26 тамыз таң ата болған жер сілкінісінің орталығы Керманшах уәлаятындағы Джаванруд қаласына тап келгенін мәлімдеді.

Әуелгі дүмпудің соңын ала зілзала төрт балдық күшпен екі рет қайталанып барып тыншыған.

Кейбір ақпаратқа сәйкес, Тазехабад қаласы зілзаладан қатты зардап шеккен. Құтқарушылар жер сілкінген аймаққа аттанып кеткен.


Зілзала көршілес Ирактың астанасы Бағдатта да сезілген. Бірақ ол тарапта ешкім зардап шекпеген.

Керманшах медициналық университетінің жедел жәрдем департаментінің басшысы Саед Шаридари зілзаладан қаза тапқандар жүкті әйел мен жүрегі ұстап қалған 70 жастағы ер адам екенін айтты. Оның сөзінше, бірнеше адам әл үстінде жатыр.

Уәлаят губернаторы Хоушанг Базванд кейбір ауылдарда уақытша жарық сөніп қалғанын мәлімдеді.

Иранда жер жиі сілкінеді. Былтыр қараша айында Керманшах уәлаятында 7.3 балдық зілзала болып, кемінде 620 адам қаза тапқан, мыңдаған тұрғын жараланған. 2003 жылы тарихи Бам шаһарында 6.6 балдық күшпен жер сілкініп, 26 мың адам өлген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG