Accessibility links

Италия ішкі істер министрінің үстінен іс қозғалды


Италия қабылдаудан бас тартқан босқындар Diciotti кемесінде тұр. Көрнекі сурет
Италия қабылдаудан бас тартқан босқындар Diciotti кемесінде тұр. Көрнекі сурет

Италиялық портқа құтқару кемесі арқылы жеткізілген ондаған мигранттың жағаға шығуына бес тәулік бойы рұқсат етпеген ішк істер министрі Маттео Сальвиниді прокуратура арнайы іс аясында тексере бастады. Жексенбіде Италия билігі Сицилияның Катания портында тұрған Diciotti кемесіндегі босқындардың жағаға түсуіне рұқсат етті. Оларды қабылдауға Католик шіркеуі, Албания мен Ирландия билігі ықылас танытқан.

Бес тәулік бойы Италияның ішкі істер министрі Маттео Сальвинидің бұйрығына сәйкес полиция босқындарға кемеден түсуге тыйым салған еді. Сальвини - "Лига" атты әсіре оңшыл партияның мүшесі. Бұл партия мигранттарға қарсы позиция ұстанады. Сальвини босқындарды қандай да бір Еуропа елі немесе ұйымы қабылдауға кепілдік берсе ғана Италияға кіргізем деп шарт қойған.

Италия үкіметінің бұл позициясын ЕО елдері сынаған. Ал Сальвинидің үстінен "азаматтардың жүріп-тұру еркіндігін шектеді" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айып бойынша Сицилияның прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Прокурорлар кеме италиялық портқа кірген соң-ақ ары қарай полиция стандарт процедураға сай қимылдауы керек еді деп санайды. Яғни мұндай жағдайда мигранттар жағаға түсіріліп, босқын мәртебесін алу туралы өтініш тапсырулары керек.

Рим бұдан бұрын дәл осы кемедегі кәмелетке толмаған балалар мен сырқат адамдарды елге кіргізген, бірақ 130 ересек адамға рұқсат етпей отырған. Мигранттар Жерорта теңізінде құтқарылған еді. Маттео Сальвини - Мәскеумен ынтымақтасуды жөн көретін және президент Владимир Путинді жақтайтын саясаткер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG