Accessibility links

Түркияда ұсталған германиялық журналист еліне оралды


Мешале Толу, германиялық журналист.
Мешале Толу, германиялық журналист.

Стамбулда террорлық іс-қимыл жасады деген күдікпен ұсталған германиялық журналист Мешале Толу еліне оралды. Ол "Түркияда еркіндігінен айырылғандар" үшін күресе беретінін мәлімдеді.

"Бәлкім, мен бүгін бостандықта шығармын, бірақ жүздеген әріптесім, оппозициялық белсенді, адвокат пен 70 мың студент түрмеде отыр" деді Толу 26 тамызда Германияның Штутгарт қаласында журналистерге.

Германияда түрік отбасында дүниеге келген Толу 2017 жылы Түркияда терроризмді насихаттады және Анкара террорлық ұйымдар тізіміне қосқан әсіре солшыл MLKP партиясының жұмысынга қатысты деген күдікпен тұтқындалған. Толу өзіне тағылған айыпты терістеп, Түркия соты тарапынан зәбір көргенін мәлімдеді. Ол 2017 жылы 18 желтоқсанда босатылғанымен, 20 тамызда Стамбул соты оған ел аумағынан шығуына салынған тыйымды жойғанға дейін Түркиядан кете алмаған.

ETHA ақпарат агенттігінің тілшісі әрі аудармашысы, 33 жастағы Мешале Толудың сот тыңдауы 16 қазанда Стамбулда басталмақ. Freiheit fuer Mesale Tolu ("Мешале Толуға бостандық") бастамашыл қолдау тобының ақпараты бойынша, Толудың жұбайы Суат Чорлудың Түркиядан шығуына тыйым салынған. Ол да әйеліне тағылғандай айып бойынша күдікті деп танылған.

Түркияда 2016 жылы Режеп Тайып Ердоғанның үкіметіне қарсы іске аспай бүлік әрекетінен соң ондаған мың қызметкер мен журналист ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG