Бішкек соты тергеушілердің қала экс-мэрі Албек Ибраимовті қамау мерзімін екі айға ұзарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Ибраимовтің адвокаты Сергей Слесарев Бішкектің Первомай аудандық сотының шешіміне берген комментариінде сот қамау мерзімін ұзартқанда "біржақты шешім шығарғанын" мәлімдеді.
"Іс жүзінде, ол ұлттық қауіпсіздік органдарының қамау мерзімін екі айға ұзарту туралы талабын орындады. Негізінде, судья бұл мәселені сот қадағалауы тұрғысынан қарауы керек еді. Ибраимов кім, оны қамау мерзімін ұзартуға негіз бар ма, соны қарауы керек болатын. Амал не, сот мұның бірін де істемеді. Ол тек Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) тергеушілерінің талабын орындады" деді Сергей Слесарев.
Бұған дейін Қырғызстан Жоғарғы соты алғашқы сот инстанцияларының Албек Ибраимовті МҰҚК абақтысында 29 тамызға дейін ұзарту туралы шешімдерін күшінде қалдырған.
МҰҚК Ибраимовтің ұсталғаны туралы 19 шілдеде хабарлаған. Бішкектің Первомай аудандық соты оны 29 тамызға дейін қамауға алу туралы шешім шығарған.
Бішкек қалалық кеңесі 13 шілде күні кезектен тыс сессиясында Албек Ибраимовке сенімсіздік вотумын білдірген. 19 шілдеде Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Албек Ибраимовті Бішкек мэрі қызметінен босатқан. Ал 23 шілде күні МҰҚК Иббраимовке "сыбайлас жемқорлық" бабы бойынша айып таққан.
Албек Ибраимов бұған дейін өзіне қарсы айыптың саяси астары бар деп білетінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР