Accessibility links

Назарбаев: Сириядан оралғандарды ұдайы бақылау керек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановпен кездесіп отыр. Астана, 27 тамыз 2018 жыл (Сурет ресми akorda.kz сайтынан алынды).
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановпен кездесіп отыр. Астана, 27 тамыз 2018 жыл (Сурет ресми akorda.kz сайтынан алынды).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы барлау қызметінің (Сырбар) директоры Ғабит Байжановпен кездесіп, террорлық идеяларды ұстанушыларды, оның ішінде Сириядан оралғандарды ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл туралы 27 тамыз күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Байжанов Назарбаевқа сыртқы барлау қызметінің биылғы жылдың алғашқы жарты жылында атқарған негізгі қызметі туралы есеп берді. Назарбаев оған Қазақстанның көрші елдермен достық қарым-қатынасын сақтап қалудың маңызды екенін айтып, шетел арнайы органдарымен тығыз қарым-қатынаста болу керегін еске салды.

Президент террорлық идеяларды ұстанушыларды үнемі қадағалап отыру - сыртқы барлау қызметінің негізгі бағыты саналатынын айтып, Байжановқа бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге жуық Қазақстан азаматы кеткенін, олардың көбі – балалар екенін хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, Сириядағы әскери қақтығыс басталғалы 112 қазақстандық (61 ер және 51 әйел) елге қайтарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG