Accessibility links

Жұмаев адвокатының судья ауыстыру өтініші қабылданбады


Жанар Сүндетқалиева, белсенді Абловас Жұмаевтың адвокаты.
Жанар Сүндетқалиева, белсенді Абловас Жұмаевтың адвокаты.

27 тамызда Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдап, әлеуметтік, рулық алауыздық қоздырып, билікті күштеп құлатпақ болды" деп айыпталған Абловас Жұмаевтың соты жалғаса түсті. Оның адвокаттары судья Аралбай Нағашыбаевты «мүдделі тарап» деп санайтынын айтып, істі басқа соттың жүргізуін талап етті. Ал қалалық сот төрағасының міндетін уақытша атқарушы Гүлнар Байтұрова судья ауыстыруға негіз жоқ деп мәлімдеді.

Айыпталушының адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның сотта мәлімдеуінше, судья Аралбай Нағашыбаев адвокаттар жасаған бірнеше өтініштің біреуін де қанағаттандырмаған.

- Сотқа дейінгі тергеудегі сараптаманы тек бір сарапшы жүргізген әрі ол туралы Жұмаев кейін білген. Ол тергеу барысында өзінің кінәсіздігін дәледеу үшін сарапшыға тиісті сауалдарын қою мүмкіндігінен айырылған. Сараптамаға Жұмаевтың Тelegram-чаттағы постарынан тек бір ғана сөйлемді бөліп, сараптауға берген. 14 тамыз күні сот ғимаратына әкелінген Абловас Жұмаев сотқа қатыстырылмай,оның себебін судья «қарауылдың уақыты болмағандықтан» деп мәлімдеген. Кейін бұл мәселе анықталса да судья оған түсінік бермей отыр. Прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін судья сотталушының позициясын нақтылауға міндетті еді. Ол да жасалмады. Сот процессі ашықтығына қарамай судья негізсіз журналистің жұмысына шектеу қойды, - деді Сүндетқалиева.

Абловас Жұмаевтың әйелі мен балалары Ақтау қалалық соты ғимаратының алдында тұр. 14 тамыз 2018 жыл
Абловас Жұмаевтың әйелі мен балалары Ақтау қалалық соты ғимаратының алдында тұр. 14 тамыз 2018 жыл

Прокурор Аманжол Айтуғанов Жұмаевтың 14 тамызда кіргізілмеуіне қатысты пікір айтудан бас тартатынын айтты.

Адвокаттардың мәлімдемесінен соң судья Аралбай Нағашыбаев үзіліс жариялады. Кейін отырысты жалғастыруға келген Ақтау қалалық сотының демалыстағы төрағасының міндетін уақытша атқарушы судья Гүлнар Байтұрова адвокаттардың судьяны ауыстыру туралы өтініштерінің қанағаттандырылмайтынын айтты.

- Судья Аралбай Нағашыбаевтың іске мүдделігін анықтайтын мән- жайлар анықталған жоқ, - деді Гүлнар Байтұрова.

Бұдан соң сот залына қайта оралған судья Аралбай Нағашыбаев:

- Мен Жұмаевты соттауға құмартып отырғаным жоқ. Бірақ маған осы іс тапсырылған соң оны орта жолдан тастап кете алмаймын, бәрі заңға сәйкес, - деді.

Сот отырысының қалған бөлігінде Абловас Жұмаевты тұтқындау мен оның заттарын тәркілеуге қатысқан полиция қызметкерлері Қасымбек Арыстанов, Олжас Үкібаев және Ыбырай Жолай жауапталды.

Абловас Жұмаев, ақтаулық белсенді
Абловас Жұмаев, ақтаулық белсенді

2018 жылғы 11 мамырда шыққан сот шешімі бойынша қамауға алынған 44 жастағы Ақтау тұрғыны Абловас Жұмаевқа «рушылдық, топтық алауыздық тудырды» (174-баптың 1-тармағы) және «билікті күштеп басып алмақ болды» (179-баптың 1-тармағы) деген екі айып тағылған.

Айыптау актісі бойынша, Абловас Жұмаев 2017 жылдың қарашасында Іnstagram әлеуметтік желісін жүктеп, Мұхтар Әблязовтің жеке парақшасындағы оның "қасақана ұлттық, әлеуметтік, рулық, топтық алауыздық тудыратын" видеоларын қараған, Қазақстанға "ҚДТ" партиясын келтіру мақсатында, жария түрде шақырып отырған бағдарламасын көрген. Тelegram әлеуметтік желісіне "Samurai" атымен "ДВК активист" тобына тіркеліп, Наурыз мерекесіне байланысты митингке шығу керектігін және өзінің 50 адамды алып келетінін айтқан".

13 наурызда Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша оппозициялық магнат, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева бұған дейінгі сот отырысында "ДВК активист" тобына өздерін басқа біреулер сырттай қосқанын мәлімдеген.

"ҚДТ қозғалысына қатысы бар" деген күдікке Абловас Жұмаевтан өзге 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.

Жұмаевтың сот процесі 28 тамыз күні сағат 10.00-де жалғасатын болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG