Accessibility links

Трамп Маккейн туралы қысқаша мәлімдеме жасады


Джон Маккейн.
Джон Маккейн.

АҚШ президенті Дональд Трамп қайтыс болған сенатор Джон Маккейн туралы 27 тамызда көпшіліктің қысымымен қысқаша мәлімдеме жасап, Ақ үйдегі мемлекеттік туды қайта түсіруге пәрмен берді. "Джон Маккейнмен саясатқа қатысты ұстанымымыз алшақ болса да, оны елімізге жасаған қызметі үшін құрметтеймін. Оның құрметіне мемлекеттік туды оның жерлеуі болатын күнге дейін төмен түсіруге өкім еттім" делінген Трамптың мәлімдемесінде. Джон Маккейн қайтыс болған соң, өткен демалыс күндері Ақ үй үстіндегі ту төмен түсіріліп, кеше қайта көтерілген еді. Бірақ, Трамптың тапсырмасынан соң ту қайта түсірілді.

Сенатор Джон Маккейнмен қоштасу осы аптада АҚШ-тың үш қаласында өтеді. Жерлеу рәсіміне дейін Маккейннің денесі өзі туған Аризона штатында, одан соң Вашингтондағы Капитолийдің АҚШ парламентінің "жүрегі" саналатын Ротонда күмбезінде сақталады. Америка тарихында мұндай құрмет тек 30 адамға бұйырған. Маккейн мұндай құрметке ие болған 13-сенатор болмақ.

1 қыркүйекте Вашингтонда Капитолийдағы еске алу жиыны өтеді. 2 қыркүйекте Маккейнді Аннаполис қаласындағы (Мэриленд штаты) өзі оқыған әскери-теңіз күштері академиясының зиратына жерлейді.

Әлем елдерінің басшылары, Маккейннің Конгресстегі әріптестері - демократтар мен республикашылдар сенатор туралы естеліктер айтып, оның әлемдік аренада ерекше рөл атқарғанын еске алып жатыр. Көпшілігі оның әскери-теңіз күштері қатарында айбынды қызмет атқарғанын және Вьетнамдағы соғыста тұтқынға түсіп қалған кезде танытқан қайсарлығын есіне алды.

Вьетнам сыртқы істер министрі Фам Бинь Минь 27 тамызда Ханойдағы АҚШ елшілігінде көңіл айту кітапшасына "Джон Маккейн соғыс салған жараны жазуға және АҚШ пен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың дұрысталуына көп еңбек сіңірді" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG