Accessibility links

Алматыда ІІМ-ді реформалау туралы ұсынысты таныстырды


Ирина Медникова, журналист.
Ирина Медникова, журналист.

Алматыда "Ішкі істер министрлігін реформалау үшін" азаматтық бастамашыл тобы баспасөз жиынын өткізіп, Ішкі істер министрлігін (ІІМ) құрылымдық тұрғыдан реформалау жөнінде ұсыныстарын таныстырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынды бастамашыл топ өкілдері - журналист Ирина Медникова мен саясаттанушы Димаш Әлжанов және құқық қорғаушы Евгений Жовтис жүргізді.

Бастамашыл топ ішкі істер министрлігін "қызмет көрсететін полицей" моделін қалыптастыру, жаңа кадр саясатын жүзеге асыру және есеп беретін, жұмысы ашық әрі жауапкершілік арқалай алатын полиция құру бағытында реформалауды ұсынады.

Белсенділер бұл үш бағыт бойынша нақты бірқатар ұсыныс келтірген. Олардың арасында ішкі істер министрлігін әскери емес, азаматтық тұлғаның басқаруы, полицияны ІІМ жанындағы жеке орган ретінде қайта құру, толыққанды жергілікті полиция қызметін дамыту, полиция қызметінде адам құқықтары, заң үстемдігі мен заңдылық талаптарын сақтау, ІІМ-нің қылмыспен күрестегі іс-қимылын айқындау, өзіне тән емес қызметтерін жою туралы ұсыныстар бар. Бастамашыл топ бұған қоса полиция құрамын біртіндеп жаңарту, полицейлерді оқыту, аттестациядан өткізу және қайта даярлаудың заманауи моделін түзу және полиция қызметін парламент пен қоғам қадағалайтын өзгеріс енгізу керек дейді.

Оқи отырыңыз: Белсенділер ІІМ-ді реформалаудан әлі де үмітті

Бастамашыл топ өкілдері ұсынысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ақордаға жөнелткендерін айтты.

Ирина Медникованың сөзінше, бастамашыл топ Алматыда шілденің ортасында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен соң құрылған. Денис Тенді қала орталығында тапа-тал түсте көлігінің айнасын ұрламақ болғандар пышақтап, өлтіріп кеткен соң әлеуметтік желіде азаматтар полицияның тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынын айтып, сынай бастаған. Осының нәтижесінде "ішкі істер министрлігін реформалау үшін" деп аталатын бастамашыл топ құрылып, министрлікті қайта құру, полиция қызметін жетілдіруді ұсына бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG