Accessibility links

Қазақстан ескекшілері Азиадада алтын жүлде иеленді


Қазақстан құрамасы (көк формада) 500 метрге төрт адамдық қайықпен жарысқа қатысып жатыр. Джакарта, 30 тамыз 2018 жыл.
Қазақстан құрамасы (көк формада) 500 метрге төрт адамдық қайықпен жарысқа қатысып жатыр. Джакарта, 30 тамыз 2018 жыл.

Ескек есу жарыстары Индонезияның Суматра аралындағы Палембанг қаласында (Джакартадан 575 км) өтіп жатыр.

500 метрге төрт адамдық қайықпен жарыста Қазақстан құрамасы (Илья Голендов, Алексей Дергунов, Сергей Токаницкий, Евгений Алексеев) Азия ойындарының чемпионы атанды. Күмісті Оңтүстік Корея құрамасы, қоланы Иран ескекшілері иеленді.

Қазақстан төрттігі 2017 жылы Шанхайда (Қытай) өткен Азия чемпионатында осы қашықтықта жеңіске жеткен. Ал 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында Қазақстан төрттігі 1000 метрлік жарыста алтын медаль алған.

Ағайынды Сергей Емельянов пен Тимофей Емельянов Палембангте 1000 метрлік жарыста (екі адамдық каноэ қайық) күміс иеленді. Емельяновтар 2017 жылы Шанхайдағы Азия чемпионатында осы қашықтықта алтын жүлде алған. Ал 2014 жылғы Азия ойындарында Тимофей Емельянов тағы бір ағасы Михаил Емельяновпен бірге осы қашықтықта чемпион атанған.

Ал Илья Голендов пен Андрей Ергучев 1000 метрге екі адамдық қайықпен жарыста Индонезиядағы Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болды. Олар Қытай спортшыларынан қалып қойды. Голенов-Ергучев жұбы 2017 жылы Шанхайдағы Азия біріншілігінде осы қашықтықта чемпион атанған. Ал 2014 жылғы Азия ойындарында қазақстандық Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов алтын медаль иеленген.

Илья Голендов пен Андрей Ергучев (ақ-көк формада) Қытай спортшылармен мәреге тақап қалған сәт. Джакарта, 30 тамыз 2018 жыл.
Илья Голендов пен Андрей Ергучев (ақ-көк формада) Қытай спортшылармен мәреге тақап қалған сәт. Джакарта, 30 тамыз 2018 жыл.

Индонезиядағы Азия ойындарында қыркүйектің 1-і күні каноэ есуден тағы алты қашықтық бойынша медальдар сарапқа салынады.

Қазір Қазақстан 9 алтын, 11 күміс, 34 қоламен жалпы есепте 11-орында тұр. Алғашқы ондықта Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Индонезия, Иран, Өзбекстан, Тайпей, Солтүстік Корея, Үндістан және Таиланд келеді.

Азаттық тілшісі Джакартадан арнайы жаңалық таратып отыр. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG