Accessibility links

Қазақстанда Конституция күнін атап өтіп жатыр


Қазақстан конституциясы макетін күзетіп тұрған сарбаз. Көрнекі сурет
Қазақстан конституциясы макетін күзетіп тұрған сарбаз. Көрнекі сурет

Бүгін - Қазақстанда Конституция күні. 1995 жылы қабылданған конституцияның құрметіне елде демалыс жарияланған.

30 тамыз күні қазақстандықтарға арнаған құттықтау хабарламасында президент Нұрсұлтан Назарбаев конституцияның “уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын дәлелдеді” деп айтқан.

“Ата заңымызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті” делінген құттықтау хабарламасында.


1995 жылы қабылданған конституцияға 23 жыл ішінде төрт рет ірі өзгеріс енгізілді. Соңғы рет 2017 жыл қаңтар айында Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті телеарнадан сөйлеп, өзіне тиесілі бірқатар өкілеттіліктерді парламент пен үкіметке беретінін айтты. Ол бұл ниетін "қазіргі заман талаптары" мен "демократиялық реформалар рухына" сәйкес болу мақсатымен түсіндірді. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді парламент екі жұмыс күні ішінде мақұлдады. Биліктің айтуынша, бұл өзгерістер елдің жағдайына қатысты парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді. Ал кейбір халықаралық ұйымдар реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" деп атады.

Кейбір сарапшылар Қазақстан конституциясын "елдің дамуының тірегі болды, тұрақтылықтың кепілі, бұл мемлекеттегі адам құқықтарын қамтамасыз еткен басты құжат" деп сипаттаса, кей белсенділер мен саясаткерлер елді авторитарлық режимге кіріптар еткен құжатты даму жолындағы кедергі санайды.

Саяси оппоненттері Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары билікте отырған кезде Қазақстан Конституциясын өзіне ыңғайлап, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізуді әдетке айналдырғанын айтады. Мысалы, 1998 жылғы қазан айында Конституцияға бірден 19 түзету енгізілген соң 1999 жылы қаңтарда кезектен тыс президент сайлауы өтті.

2007 жылы мамырда Конституцияға енгізілген кезекті түзетулердің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына еш шектеусіз түсе беретін айрықша құқыққа иеленді. Кейінірек "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген ресми атаққа ие болып, іс жүзінде қылмыстық қудалауға жатпайтын тұлғаға айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG