Accessibility links

Песков Путиннің "украин әскерін талқандау" сөзі жайлы пікір айтты


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 31 тамызда Владимир Путин 2015 жылы "Норманд төрттігі" кездесуінде айтты делінген "Украина әскерін талқандап жіберем" дейтін сөзге орай пікір білдірді. Ол "келіссөздердің түгеліне жуық қатыстым, бірақ ондай сөз естімедім" деді.

Ресей президенті Владимир Путиннің Украина президенті Петр Порошенкоға "армияңды талқандаймын" деп айтты деген сөзді Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд биліктен кеткен соң шыққан мемуарында жазған. Оның "Билік сабақтары" аталатын кітабы биыл сәуірде жарияланды. Бірақ кітапта жазылған Украина шығысындағы қақтығыс туралы сөйлемдерге орыс тілді БАҚ енді ғана назар аударған. Олланд Путин, Порошенко және Меркельмен бірге 2014-2015 жылдары "Норманд төрттігі" келіссөзіне қатысқан.

Олландың естелігінде "Порошенко мен Путин үнемі бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегендері", "Ресей президентінің бір сәтте жүйкесі сыр беріп, украин сарбаздарын түбегейлі талқандап тастаймын дегені" айтылған. Олландтың сөзінше, бұл Путиннің "Украина шығысында әскеріміз жоқ" дейтін пікірінің жалған екенін аңғартқан.

Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркель, сол кездегі Франция президенті Франсуа Олланд және Украина президенті Петр Порошенко Минск келіссөзіне жиналған сәт.
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркель, сол кездегі Франция президенті Франсуа Олланд және Украина президенті Петр Порошенко Минск келіссөзіне жиналған сәт.

Олланд мемуарында Путин "қазіргі Киевті барынша әлсіретіп, билікке Кремльге ыңғайлы адамдардың келгенін, Еуропа Одағынан мейлінше алыстай түскенін, Украинаның НАТО құрамына кірмегенін қалайды" деп жазған. Францияның экс-президенті "Путин бұрынғы Совет Одағы империясының аумағында ықпалын қайта қалпына келтіруді көздейді" деп санайды. Оның пікірінше, "Украина, Грузия, Молдова және Әзербайжан шекараларында осындай сұр аймақ қалыптасып үлгерген" және "бұл мемлекеттер тәуелсіз, бірақ әлсіз".

Франсуа Олланд 2012-2017 жылдар аралығында Франция президенті болған.

"Норманд төрттігі" - Украина шығысындағы қақтығысты реттеу үшін құрылған мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің төрт жақты жұмыс тобы. "Төрттіктің" кездесулері 2014 жылдың маусым айынан бері өтіп келеді. Бұған дейін келесі кездесу Парижде өтетіні хабарланған. Бірақ әзірге нақты уақыты белгіленбеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG