Accessibility links

Ресейде Бесландағы теракт құрбандарын еске алып жатыр


Бесландағы теракт құрбандарын еске алу мемориалы. 31 тамыз 2018 жыл.
Бесландағы теракт құрбандарын еске алу мемориалы. 31 тамыз 2018 жыл.

Ресей құрамындағы Солтүстік Осетияның Беслан қаласында осыдан 14 жыл бұрын алғашқы қоңырау кезінде №1 мектепте болған теракт құрбандарын еске алды. Азалы шаралар үш күн бойы жалғасады. Қыркүйектің 1-і күні еске алу рәсімі мектептегі қоңырау үні мен гүл қоюдан басталды. Терактіде қаза тапқандардың туыстары мектепке гүлдер мен шырақтар және су құйылған ыдыстар әкелді. Террорлық шабуыл кезінде кепілдегі жандарға үш күн бойы су бермей қойған.

Бесландағы теракт құрбандарын еске алу шаралары Владикавказ, Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа да қалаларда өтеді.

2004 жылы қыркүйектің 1-і күні қарулы содырлар Беслан мектебіне алғашқы қоңырауға жиналған 1200-ден астам оқушы мен мұғалімдерді кепілген алған. Теракт салдарынан 334 адам қаза тапқан, олардың 186-сы – балалар. Бесландағы терактіге жауапкершілікті шешен содырлары жетекшілерінің бірі Шамиль Басаев өзіне алған.


2017 жылы Ресей әділет министрлігі 2004 жылғы Бесландағы терактіде зардап шеккендерге үш миллион еуро төлеу туралы Еуропалық адам құқығы жөніндегі соттың шешімін орындауға келіскен. Еуропалық сот "Беслан аналары" бастамашыл тобы берген бірнеше арызды қарап, Ресей билігі ықтимал терактінің алдын алмаған және 2004 жылғы қыркүйектің 3-інде жүргізген операциясын кепілдегі азаматтардың өміріне қауіп-қатердің барынша аз болуын қамтамасыз етпеген деген ұйғарым шығарған.

Жергілікті билік құрбандарды еске алу мемориалы бар мектепті сүруге бірнеше мәрте талпынған. "Беслан аналары" тобы оған қарсы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG