Accessibility links

Өзбекстанда автобус апатынан жеті адам зардап шеккен


Өзбекстанның Бешарық ауданында апатқа ұшыраған автобус. (Әлеуметтік желідегі сурет.)
Өзбекстанның Бешарық ауданында апатқа ұшыраған автобус. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

Өзбекстанның Ферғана облысы Бешарық ауданында ондаған жолаушысы бар автобус жол шетіндегі арыққа түсіп кеткен. Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик радиосы) төтенше оқиға куәгерлерінің сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, 18 жолаушыға арналған шағын автобуста жеміс-жидек теруге бара жатқан әйелдер мен балалар болған. Бейсенбіде болған апат салдарынан ауыр жарақат алған жеті адам аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түскен.

Дәрігерлер зардап шеккендердің кейбірі басынан жарақат алып, кейбірінің қабырғасы сынғанын, алайда олардың өміріне қауіп жоғын айтады.

Бешарық аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері Озодлик радиосына төтенше оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, апатқа жүргізушінің көлік тізгініне ие бола алмай қалуы себеп болған.


Көлік апатынан зардап шеккендердің бірінің туысы Озодлик радиосына Бешарық ауданы Товул ауылында тұратын қырық шақты әйел балаларымен бірге көрші аудандағы шаруа қожалығына жеміс теруге бара жатқанда апатқа ұшырағанын айтқан.

- Ауданымызда жұмыс жоқ, көптеген әйелдердің күйеулері табыс іздеп Ресейде жүр. Сондықтан біздің әйелдер көршілес Өзбекстан ауданына шабдалы жинағандарға тәулігіне отыз мың сум (шамамен 4 долларға жуық – Азаттық.) төлейді деген соң балаларымен сонда жұмысқа баруға ұйғарған, - дейді ол.

Тәуелсіздік алғанына 27 жыл толғанын атап өтіп жатқан Өзбекстанда еңбек жасындағы азаматтардың ауқымды бөлігі Ресей, Қазақстан және өзге де елдерде жалданып жұмыс істеп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG