Accessibility links

Донецкідегі жарылыста қаза тапқандар саны екі адамға жетті


Донецкідегі сепаратистер жетекшісі Александр Захарченко.
Донецкідегі сепаратистер жетекшісі Александр Захарченко.

Украинада ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк қаласының орталығында жұма күні кафеде болған жарылыстан өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" жетекшісі Александр Захарченкомен бірге оның оққағары да қаза тапқан. Бұл туралы "ДХР"-дің "денсаулық сақтау министрі" Александр Оприщенко мәлімдеді деп хабарлайды "Донецк жаңалықтар агенттігі".

Нақтыланған мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан 12 адам жараланған.

Ресейлік "Коммерсант" басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Захарченконың ажалы жарық шашатын құралға (торшер немесе люстра) орнатылған бомбадан болған деп жазады. Болжам бойынша, жарылғыш құрылғыны іске қосу үшін мобильді телефонды пайдаланған. Оны сол кафенің жанында болған және Захарченконың оған кіріп бара жатқанын көрген біреу іске қосқан болуы да мүмкін.

Тамыздың 31-і күні кешкісін Донецкіде болған жарылыстан кейін бірнеше адамды оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған. "ДХР" басшысы міндетін атқарушы Дмитрий Трапезниковтің сөзінше, ұсталғандар "тергеу барысында қылмысқа Украина тарабының қатысы барын растаған" деп хабарлайды "Интерфакс". Ол нақты қанша адам ұсталғанын айтпаған. Трапезников Захарченконы қыркүйектің 2-і күні жерлейтіні туралы хабарлаған.


Захарченконың қазасынан кейін "ДХР"-да коменданттық сағат тәртібі ұзартылған – оның уақыты бұрынғыдай түнгі сағат бірде емес, сағат 23.00-де басталады. Көршілес өзін-өзі жариялаған "Луганск халық республикасында" әскери іс-қимылға әзірлік күшейтілген.

"Донецк халық республикасының" басшысы Александр Захарченко тамыздың 31-і күні Донецкінің орталығындағы "Сепар" кафесінде болған жарылыстан ажал құшқан. Ресей сыртқы істер министрлігі Захарченконың қазасына Украинаны айыптаған. Киев оны жоққа шығарған. Украина қауіпсіздік қызметінің өкілі Игорь Гуськов Захарченко сепаратистік топтардың өзара ішкі тартысы немесе ресейлік арнайы қызметтің іс-әрекеті нәтижесінде қаза тапқан болуы мүмкін дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG