Accessibility links

Өртенген автобус ісі сотында адвокаттар айыптау актісіне шағымданды


Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл
Өртенген автобус ісі бойынша күдікті деп танылған жүргізушілер (әйнек камера ішінде солдан оңға қарай) Барат Таңатов, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков және адвокат Хайрулла Әлимағамбетов. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл

Ақтөбеде 4 қыркүйекте Өзбекстанның 52 адам қаза тапқан автобус өрті ісі бойынша сотта сотталушылардың адвокаттары айыптау актісін біріздендіру туралы талап-арыз түсірді.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, айыпталушылар Нұрлыбек Тілепбаев пен Бахадир Пердебаевтың адвокаты Егемқұл Жүнісов өздеріне маусым айында өзге прокурор қол қойып, бекітілген айыптау актісі берілгенін айтты. Ал сотқа қатысушы прокурорларға шілдеде бекітілген өзге айыптау актісі берілген. Сотталушыларды қорғайтын төрт адвокат бір-бірін қолдап, соттан айыптау актісін біріздендіруді талап етіп, арыз түсірді.

Сотта сонымен қатар жәбірленуші ретінде Өзбекстаннан келген 11 азамат соттан өздеріне өзбек тілінде аудармашы беруін сұрады. Олар сот басталған екі күннен бері процесте не айтылып жатқанын түсінбегенін, айыптау актісімен ана тілінде таныспағанын айтып, сотта өздерінің құқықтарын қорғайтын адвокат тағайындауын талап етті.

Жәбірленушілер бұған қоса Өзбекстан билігі қаза тапқан балаларының мәйітін табытқа салып алып келгенін, бірақ оны ашуға тыйым салып, сол күйі жерлеткенін айтты. Олар ДНҚ талдауын жасау үшін өздерінен қан, шаш үлгілерін алғанымен, сараптама нәтижесімен таныстырмағанын мәлімдеді. Судья Серік Махамбетов сараптама қорытындысы сотта және прокуратурада барын, сол жерден танысуға болатынын айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы Азаттық тілшісіне айыптау актісінің не себепті әртүрлі болғанына қатысты комментарий беруден бас тартты.

Судья процесске қатысушылар білдірген талап-арыздарға байланысты сотта түстен кейінге дейін үзіліс жариялады.

Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылдың 26 қаңтарынан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Оларға "өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды және "жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзды" деген айып тағылған. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Тергеу дерегінше, фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген айып тағылған.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент - Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG