Accessibility links

"Ақтөбе" клубының экс-директорына моральдық өтемақы төленбек


Дмитрий Васильев, "Ақтөбе" футбол командасының экс-директоры (Сурет Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды).
Дмитрий Васильев, "Ақтөбе" футбол командасының экс-директоры (Сурет Қазақстан футбол федерациясы сайтынан алынды).

Қазақстан қаржы министрлігі "Ақтөбе" футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевке моральдық шығын ретінде 700 мың теңге төлеуі тиіс. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 қыркүйек күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айгүл Қаржанова осындай шешім қабылдаған.

Моральдық шығын Дмитрий Васильевтің заңсыз жазаға тартылып, үйқамақ пен тергеу изоляторында отырған кезі үшін төленуі керек. Осыған дейін Ақтөбе соты Дмитрий Васильевтің пайдасына Қазақстан қаржы министрлігінен 5 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған болатын.

Сотқа шағымданған "Ақтөбе" футбол клубының бұрынғы бас директоры өзіне келтірілген моральдық шығынды 1 миллиард теңге деп бағалаған. Алайда, сот 700 мың теңге өндіру туралы шешім қабылдаған. 4 қыркүйек күнгі сот шешіміне қанағаттанбаған Васильев апелляциялық алқаға шағымданатынын айтты.

"Ақтөбе" футбол клубына директоры болған Дмитрий Васильев 2016 жылы 8 қарашада 240 миллион теңгені талан-таражға салды деген айыппен ұсталған еді. 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отырған "Ақтөбенің" экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған.

2017 жылғы шілде айында Дмитрий Васильевтің бостандыққа шыққаны хабарланған. Адвокат Күләш Маньконың мәліметінше, Дмитрий Васильевтің жазасы жеті жылдық бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған. Ал 2018 жылғы 13 ақпан күні Қазақстан Жоғарғы соты Васильевті ақтаған. Васильев ақталып шыққан соңғы екі жылда жоғалтқан кірісін өндіріп алмақ болып, Ақтөбе қалалық сотына материалдық және моральдық шығынын өтеу туралы екі шағым түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG