Accessibility links

Ақтөбе: Лифтідегі кісі өлімі сотында лифтер айыбын мойындамады


Ақтөбедегі лифтіде мерт болған Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты іс бойынша айыпталушылар Кенен Жаңабеков (сол жақта түрегеп тұр) пен Жарылғасын Ақжанов (оң жақта түрегеп тұр). Ақтөбе, 5 қыркүйек 2018 жыл.
Ақтөбедегі лифтіде мерт болған Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты іс бойынша айыпталушылар Кенен Жаңабеков (сол жақта түрегеп тұр) пен Жарылғасын Ақжанов (оң жақта түрегеп тұр). Ақтөбе, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбеде көпқабатты үйдегі лифтіде мерт болған жергілікті тұрғын Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты сот процесі басталды. Тергеу кісі өліміне тұрғын үйге техникалық қызмет көрсеткен пәтер иелері кооперативі - "Жаңабек-Сервис" серіктестігінің төрағасы мен жалдамалы лифтерді (лифтіде жұмыс істейтін адам - ред.) кінәлап отыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 5 қыркүйек күні қалалық сотта айыптау актісі оқылғаннан соң жалдамалы лифтер Жарылғасын Ақжанов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

Тергеу материалдарына қарағанда, "Жаңабек-Сервис" серіктестігінің штатында үш лифтер бар. Бірақ, олар жаңа лифтілерге ғана қызмет көрсетеді. Сотта кооператив төрағасы Кенен Жаңабеков ескірген алты лифтіні жөндеуге электромеханик Жарылғасын Ақжановты жалдағанын айтты. Екеуара келісім ауызша жасалған.

Кенен Жаңабековтің айтуынша, жалдамалы лифтер биыл наурыз айының ортасында бұзылған лифтілерді жөндеп, іске қосқан. Араға екі апта салып,12 ықшамауданындағы №19 үйдің үшінші подьезіндегі ескі лифтіде адам өлімі болған. Прокуратура кооператив төрағасы мен лифтерді техникалық құжаты жоқ, қауіпті нысанды пайдалануға беріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады деп айыптайды. Сотта Кенен Жаңабеков өзіне тағылған айып туралы пікір білдірмеді.

Оқи отырыңыз: Бақылаудан кеткен лифтілерде оқыс оқиғалар көбейді

Арнайы сараптама тұрғын Айзат Әбдісаматты лифт есігі қысып қалғанын анықтаған. Құтқарушылар мәйітті алып шығу үшін лифтінің есігін екінші қабаттан бұзып кірген. Лифт содан бері тоқтап тұр.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, Ақтөбедегі көп қабатты тұрғын үйлерде 372 лифт тіркелген. Оның 34-і адам өміріне қауіпті. Осыған дейін пайдалану мерзімі өткен бес лифтіні модернизациялауға қала бюджетінен 40 миллион теңге бөлінгені хабарланған еді. Дастан Аманов бұл қаржының әзірге түспегенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG