Accessibility links

CNN: Ресей АҚШ-қа Сирияда шабуыл жасайтынын ескерткен


Идлиб провинциясының елді мекенінде әуе шабуылдарынан кейін әуеге көтерілген түтін. Сирия, 7 қыркүйек 2018 жыл.
Идлиб провинциясының елді мекенінде әуе шабуылдарынан кейін әуеге көтерілген түтін. Сирия, 7 қыркүйек 2018 жыл.

Ресей Сирияның америкалық әскерилер орналасуы мүмкін аудандарына соққы жасауға дайындалып жатқаны туралы АҚШ-қа бір апта ішінде екі рет ескерткен. Бұл туралы CNN өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Мәскеу соққы жасайтын аудандарда қарулы исламшыл топтар бекінген деп санайды.

CNN дереккөзінің мәліметінше, Вашингтон Хомс провинциясындағы Эт-Танф ауданына қатысты алаңдайды. Мұнда америкалық әскери база орналасқан. АҚШ әскерилері Ресей авиациясы мүлт кетіп, өз нысандарына соққы жасай қалған жағдайда қарсы шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Сирияда екі мыңнан астам америкалық әскери қызметкер бар.

Бұған дейін Washington Post газеті АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары шенді өкіліне сілтеме жасап, президент Дональд Трамп америкалық әскерилерді Сирияда қалдыра беруге және Вашингтонның аймақта өз мақсатына жетуі үшін дипломатиялық қысымды жалғастыруға келіскенін хабарлаған.

АҚШ президенті жарты жыл бұрын Сириядан америка әскерін шығару ойы барын мәлімдеген. Трамп енді Сириядан барлық Иран әскері мен ираншыл күштерді шығаруды және елде тұрақтылық орнатуды көздеп отыр.

Сириядағы жағдай үкімет әскері Идлиб провинциясына шабуылдауы мүмкін екені белгілі болған соң шиеленіскен. Идлиб - Сирияда президент Башар Асадқа қарсы қарулы топтар бақылауда ұстайтын соңғы провинция. Халықаралық қауымдастық Ресей қолдайтын Сирия билігі аймақта химиялық қару қолдануы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ Ресей Қорғаныс министрлігі Пентагон Асадқа қарсы операция жүргізуге "сылтау табу үшін" "арандату әрекетін жоспарлап отырғанын" бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG