Accessibility links

БАҚ: Скрипальді улауға күдіктілер Женевада болған


Ұлыбритания прокуратурасы Сергей Скрипальді улау ісіне күдікті санайтын ресейліктер Александр Петров (оң жақта) пен Руслан Бошировтың Солсбери қаласындағы теміржол вокзалында бейнекамераға түсіп қалған суреті. Лондон, 5 қыркүйек 2018 жыл.
Ұлыбритания прокуратурасы Сергей Скрипальді улау ісіне күдікті санайтын ресейліктер Александр Петров (оң жақта) пен Руслан Бошировтың Солсбери қаласындағы теміржол вокзалында бейнекамераға түсіп қалған суреті. Лондон, 5 қыркүйек 2018 жыл.

Ұлыбритания билік орындары Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге қастандық жасауға күдікті санайтын Ресей барлауының (ГРУ) ықтимал агенттері "Александр Петров" пен "Руслан Боширов" бірнеше рет Женевада болған. Бұл туралы үкіметтегі дерек көздеріне сілтеме жасап британдық Telegraph басылымы хабарлады.

Басылым мәліметтері бойынша, "Петров" пен "Боширов" кемінде алты рет бір-бірінен бөлек Женеваға ұшып барған. 2017 жылғы қарашадан 2018 жылғы ақпанға дейінгі аралықта олар екі бағытта жалпы саны тоғыз билетке тапсырыс берген. Дерек көздерінің айтуынша, тергеудің негізгі мақсаты күдіктілердің байланыстарын анықтау болып отыр. Басылымның жазуынша, британ билігі ресейліктер туралы ақпаратты бұдан ертерек ашуға мүмкіндігі болса да, Лондон Ресейдегі әлемдік футбол чемпионаты қарсаңында британ азаматтарының өміріне қатер төндірмеу мақсатымен олай істемеген.

Telegraph дерегі бойынша, күдіктілер Женевадан бөлек Париж, Амстердам және Бергамо қалаларында болған. Олар әдетте "Аэрофлот" компаниясының қызметін пайдаланған.


Бұған дейін БАҚ ГРУ-дың ықтимал агенттері британ визасын аларда өздерін бизнесменбіз деп таныстырғаны туралы хабарлаған. Барлау мәліметтері бойынша, олар заңды күші бар ресми төлқұжаттарын көрсеткен, бірақ олардың аты-жөндері басқаша болуы ықтимал.

Наурыздың 6-сында Солсбери қаласында бұрынғы ресейлік барлау қызметінің агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған. Лондон олардың СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарады.

Қыркүйектің 6-сы күні британ прокуратурасы Солсберидегі қылмысқа күдікті саналатын екі адамның суреттерін жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG