Accessibility links

БАҚ: Сирияның Идлиб провинциясына әуе соққысы берілген


Идлиб провинциясындағы ауылға жасалған әуе соққысынан кейін әуеге көтерілген түтін. Сирия, 7 қыркүйек 2018 жыл.
Идлиб провинциясындағы ауылға жасалған әуе соққысынан кейін әуеге көтерілген түтін. Сирия, 7 қыркүйек 2018 жыл.

Ресей мен Сирия әуе күштері Сирияның Идлиб провинциясындағы нысандарға бастырмалата соққы берген. Алдын ала мәліметтер бойынша, әскери ұшақтар бірнеше ондаған бомба тастаған. Кемінде төрт бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның екеуі – балалар. Бұл туралы жергілікті мониторинг жүргізетін топтарға сілтеме жасап батыс агенттіктері хабарлады.

БАҚ ақпараты бойынша, бұл соңғы айдағы ең қуатты әуе соққысы болған. Ол Идлибтегі жағдай туралы Иран, Ресей және Түркия президенттерінің қатысуымен келіссөздер өткен күннің ертесінде жасалған.

Бұған дейін осы елдер Сириядағы әскери операция кезіндегі іс-қимылдарды келісу туралы келісімді бекіткен еді.


Мәскеу мен Тегеран – Сирия президенті Башар Асадтың негізгі одақтастары. Олар Идлибке шабуыл жасауды қолдайды және осы провинцияда жихадшылар бар деп санайды. Бірақ өз еліне тағы да босқындар ағылады деп қауіптенетін Түркия президенті Режеп Ердоған Идлибке жасалған шабуыл гуманитарлық апатқа және бұрынғыдан да үлкен қантөгіске ұласады деп мәлімдеген.

Халықаралық қауымдастық Мәскеу мен Дамаск Идлибке қарсы химиялық шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенеді. Ресей қорғаныс министрлігі исламшылдар бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданып, арандатуға бармақшы деп хабарлаған.

Бұған қоса Сирияның Хомс провиниясында жағдай шиеленісіп отыр. Ресейдің осындағы жергілікті қарулы оппозиция күштеріне соққы беретіні туралы сес көрсетуіне жауап ретінде АҚШ осы аймақта әскери жаттығу өткізетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG