Accessibility links

Венециядағы "Көкжиектер" байқауында Байғазин үздік режиссер атанды


Әмір Байғазин (оң жақта) мен "Өзен" фильмінде ойнаған актерлер 75-ші халықаралық Венеция кинофестивалінде. 4 қыркүйек 2018 жыл. "Қазақфильм" баспасөз қызметі ұсынған сурет.
Әмір Байғазин (оң жақта) мен "Өзен" фильмінде ойнаған актерлер 75-ші халықаралық Венеция кинофестивалінде. 4 қыркүйек 2018 жыл. "Қазақфильм" баспасөз қызметі ұсынған сурет.

Қазақстандық режиссер Әмір Байғазиннің "Өзен" фильмі 75-ші Венеция халықаралық кинофестивалінде маңыздылығы жағынан екінші орындағы "Көкжиектер" (Orizzonti) бағдарламасында жүлдеге ие болды. Қазылар алқасы бұл конкурсқа іріктеліп алынған 19 фильмнің арасынан жеімпаздарын қыркүйектің 8-і күні жариялады.

Венецияда қыркүйектің 4-і күні көрсетілген "Өзен" кинофильмінде өркениеттен жырақта ер жеткен ағайынды бесеудің өмірінде қаладан мейман келгеннен кейін болған өзгерістер суреттеледі.

"Өзен" фильмінен көрініс.
"Өзен" фильмінен көрініс.

Түсіріліміне Норвегия мен Польша киноматографистері де араласқан "Өзен" фильмінің режиссері әрі қоюшы-операторы Әмір Байғазин шығарманың сценарийін де өзі жазған.

Кинофестиваль өтіп жатқан кезде кино жайлы жазатын бірнеше танымал басылымда "Өзен" фильміне оң баға берген рецензиялар жарияланған. Бұл туынды осыған дейін Байғазин түсірген "Үндестік сабақтары" және "Жаралы періште" фильмдерімен бірге кинотрилогияның соңғы бөлімі саналады.

Hollywood Reporter басылымы Әмір Байғазиннің жаңа фильмі өзіндік қолтаңбасы бар режиссердің беделі артып келе жатқанын айғақтайды деп жазған.

Әмір Байғазин түсірген кинотрилогияның алғашқы екі бөлімі де әртүрлі халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған. "Өзен" фильмі қазір Торонтода қыркүйектің 6-сы басталған он күндік халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр.

"Өзен" фильмінен көрініс.
"Өзен" фильмінен көрініс.

75-ші Венеция халықаралық кинофестивалі тамыздың 29-ынан қыркүйектің 8-іне дейін жалғасты. Фестивальдің "Көкжиектер" (Orizzonti) конкурстық жобасына Қазақстаннан екі фильм – режиссер Әмір Байғазиннің "Өзен" және Елдар Шибановтың "Секс, үрей және гамбургерлер" фильмдері қатысты.

Фестивальдің негізгі бөлігінде бас жүлде – "Алтын арыстан" сыйлығына мексикалық режиссер Альфонсо Куаронның "Рим" фильмі ие болды. "Көкжиектер" бағдарламасында Таиланд режиссері Путтифонг Арунфенгтің "Манта Рэй" фильмі толықметражды үздік шығарма деп танылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG