Accessibility links

Египетте "Мұсылман бауырлар" ұйымының 75 мүшесіне өлім жазасын кесті


Египет астанасы Каир қаласынан қарағандағы пирамидалар көрінісі.
Египет астанасы Каир қаласынан қарағандағы пирамидалар көрінісі.

Египет соты қыркүйектің 8-і күні "Мұсылман бауырлар" исламшыл қозғалысының 75 мүшесіне өлім жазасын кесіп, 600-ден аса адамға әртүрлі мерзімге түрме жазасын тағайындады. Үкім 2013 жылы Каир қаласында қантөгіске ұласқан қақтығыстар туралы сот ісі бойынша шығарылды. Сотталғандардың көбі – "Мұсылман бауырлар" исламшыл қозғалысының мүшелері мен жетекшілері. Египет билігі оларға зорлық-зомбылықты өршітті, арандату жасап, бүлікке айдап салды деген айыптар таққан. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы сот процесін "масқара" деп атап, сотталушыларға шығарған үкімді айыптады деп хабарлайды "Америка дауысы".

Өлім жазасына кесілгендердің арасында "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жетекшілері бар. Сотталушыларды Египет қауіпсіздік қызметінің сегіз қызметкерін өлтірген деп таныған. Египеттік құқық қорғаушылар болса елдегі күш құрылымдарының қызметкерлері бұдан да көп адамды өлтірген дейді.

"Мұсылман бауырлар" қозғалысы 2013 жылы өздері жақтайтын ел президенті Мұхаммед Мурсиді биліктен күштеп тайдырған әскерилердің ісіне наразылық білдіріп, соңы қантөгіске ұласқан. Кейінірек Египетте "Мұсылман бауырлар" қозғалысы "террорлық ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG