Accessibility links

Министр: Республикалық маңызы бар бірнеше жол жөнделіп жатыр


Жеңіс Қасымбек, Қазақстан инвестиция және даму министрі.
Жеңіс Қасымбек, Қазақстан инвестиция және даму министрі.

Қазақстанда биыл республикалық маңызы бар жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 77 миллиард теңге (200 миллион доллар) қаржы бөлінді. Бұл туралы 10 қыркүйекте үкіметте берген есебінде инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады. Министрдің сөзіне қарағанда, биыл Денисовка - Қарабұтақ жолының 40 километрі, Кеген - Жалаңаш - Саты жолының 24 километрі және Ақсу - Курчатов жолының 24 километрі жөнделіп бітеді.

Сонымен қатар, қазір Орталық - Батыс жобасы аясында Қандыағаш - Мақат жолының 299 километрі, Ақтөбе - Қандыағаш 60 километрі және Атырау - Астрахан жолының 60 километрі, Орал - Тасқала жолының 100 километрі, Қалбатау - Майқапшағай жолының 415 километрі, Үшарал - Достық жолының 184 километрі, Бейнеу - Ақжігіт жолының 84 километрі жөнделіп жатыр. Қазан айында Балқаш Бурылбайтал жолының 297 километр бөлігін жөндеу басталмақ.

Ал келесі жылы Қарағанды - Балқаш жолының 363 километрі және Күрті - Қапшағай жолының 67 километрін жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

"33 апатты жағдайдағы көпір мен жол өтпелерін жөндеу және 17 жерасты өткелін жайластыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қарақоға, Ауыл, Уба, Жана Жол және Сырым шекаралық бекет өткелінде күрделі жөндеу болып жатыр" деді министр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG