Apple компаниясы iPhone телефоны мен сағатының адамның жүрек соғысындағы кінәратын анықтай алатын жаңа модельдерін таныстырды.
Премиум-класс смартфондар нарығындағы позициясын нығайтуға тырысып жатқан Apple-дің жаңа iPhone XS смартфоны дисплейінің диагоналі 14,7 сантиметрді құрайды, бағасы 999 доллар. Ал көлемі ең үлкен саналатын iPhone XS Max дисплейінің диагоналі 16,5 сантиметр, АҚШ-та 1099 доллардан сатылмақ.
"Экранның үлкендігі Қытайдағы қазіргі тенденция үшін өте маңызды болады. Себебі соңғы жылдары iPhone дисплейі көлеміне байланысты да Қытай нарығындағы үлесінен айырыла бастаған еді" деді Gartner зерттеу және консалтинг компаниясының сарапшысы Аннет Циммерманн Reuters агенттігіне. Жаңа модельдерді таныстыру шарасы Apple-дің Калифорния штатындағы штаб-пәтерінде өтті.
Компанияның соңғы - төртінші буын Apple Watch сағатының да дизайны біраз өзгеріп, адам денсаулығының жай-күйін бақылап отыратын қызметтер енгізілген. Атап айтқанда, Apple-дің жаңа сағаты иесінің қаншалықты қатты құлағанын анықтай алады. Құрылғыға сонымен қатар қолданушының электрокардиаграммасын түсіре алатын электрондық сенсор орнатылған.
Бағасы 399 доллардан басталатын жаңа Apple Watch сағаттары АҚШ-та 21 қыркүйектен сатыла бастайды.
ПІКІРЛЕР