Accessibility links

ІІМ лауазымды шенеунігі "пара алды" деген күдікпен ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) көліктегі ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшісі пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекетік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, күдіктіні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері 12 қыркүйекте ұстаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Facebook-тегі парақшасында жарияланған видеосында басқарма басшысының "лауазымды адамды қылмыстық жауапқа тартпағаны және қамқорлық танытқаны үшін алдын ала келісілген 50 мың доллардың 11,5 миллион теңгесін алып тұрған сәтінде" қолға түскені айтылады.

Агенттік күдіктінің аты-жөнін жарияламай отыр. Ведомство ұсталған күдіктінің лауазымдық міндеті "республикадағы көліктегі ұйымдасқан қылмысты анықтап, алдын алу" болғанын ғана айтады.

"Тұтқындау кезінде күдікті қарсылық танытып, ұлттық бюро департаменті қызметкерінің көлігін зақымдап, қашып кетуге әрекет жасады" деді Бастарова. Күдікті Астанадағы ішкі істер департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалған.

Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа ұсталған шенеуніктің аты-жөнін айтудан бас тартып, тергеу аяқталғанға дейін комментарий бере алмайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG