Accessibility links

Астана соты қайықпен жүрген тұрғындарды ақтады


Дмитрий Кириллов (сол жақта) Жандос Садыбек Астана қалалық сотында. 14 қыркүйек 2018 жыл.
Дмитрий Кириллов (сол жақта) Жандос Садыбек Астана қалалық сотында. 14 қыркүйек 2018 жыл.

Астана қалалық соты қала көшелерін су басқан кезде қайықпен жүрген тұрғындарды әкімшілік жазадан босатты.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья 26 жастағы Жандос Садыбек пен Дмитрий Кирилловтің әрекетінде "әкімшілік құқық бұзушылық белгілері жоқ" деп таныды. Сотқа қатысқан прокурор адвокат Сергей Сизинцевтің сот шешімін жою туралы өтінішін қолдады.

Сотта сөйлеген Жандос Садыбек су басқан көшеде қайықпен жүргенде бөтен ойы болмағанын, сол уақытта көлігінде үрлемелі қайығы болғанын айтты.

Астанада тамыздың 20-сы күні нөсерден қаланың бірнеше көшесін су басқан. Сол күні қала тұрғындары Жандос Садыбек пен Дмитрий Кирилловтің шағын резеңке қайықпен көшеден жүзіп жүрген видеосы интернетте жарияланған. Кейін қалалық ішкі істер департаменті олардың үстінен "ұсақ бұзақылық жасау" бабы бойынша хаттама толтырып, әкімшілік сот әрқайсысына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш 2405 теңге) тең айыппұл салған.

Кейін қайықпен жүзген тұрғындардың әрекеті мен оларға соттың айыппұл салуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік жас жігіттерді қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG