Accessibility links

Оралға тренингке келген украин журналисіне "заң бұзды" деген айып тақты


Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.
Көші-қон полициясының қызметкерлері Украинадан келген журналист Александр Гороховскийге (сол жақта) хаттама толтырып жатыр. Орал, 15 қыркүйек 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына жас тілшілерге арналған тренингке қатысу үшін келген Киевтен келген журналист Александр Гороховскийді Қазақстандағы шетелдік азаматтардың еңбек қызметі туралы заңды бұзған деген күдікпен әкімшілік жауапқа тартпақшы.

Қыркүйектің 15-і күні Оралдағы қонақ үйлердің бірінде өтіп жатқан "Журналистика мектебі" жобасы аясындағы жастарға арналған тегін семинарға Гороховский де қатысқан. Жиын өтіп жатқан жерге келген екі полиция қызметкері өздерін Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясының заңсыз миграциямен күрес жөніндегі инспекторы Қайрат Намазов және кіші инспектор Азамат Әбілқайыров деп таныстырды. Олар бүгін кезекші бөлімге осы қонақ үйде "заңсыз конференция" өтіп жатқаны туралы белгісіз біреу телефон соққанын хабарлады.

Полиция қызметкерлері Украина азаматы Александр Гороховскийдің құжаттарын тексеріп, оның Қазақстан аумағында жұмыс істеуге рұқсат қағазы жоқ екенін айтты. Билік өкілдері Гороховскийдің үстінен әкімшілік хаттама толтырып, оны "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 517-бабы ("Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы") бойынша айыптаған. Бұл бапта айыпты деп танылған адамға 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу немесе оны Қазақстан аумағынан шығарып жiберу шаралары қарастырылған.

Көші-қон полициясының өкілдері мемлекеттік адвокат Анна Слетаның көзінше Александр Гороховскийдің мигарциялық картасын алып қойып, оған қыркүйектің 17-і күні Орал қаласының әкімшілік сотына шақырту қағазын тапсырды. Журналист жексенбі күні Оралдан Алматыға, одан ары қарай Киевке ұшпақшы еді.

Александр Гороховский полицияның өзіне таққан айыптауымен келіспейді, ол Оралға табыс табу үшін емес, тәжірибе алмасу үшін шақырту бойынша келгенін айтады. Украиналық журналисті Оралға жергілікті "Уральская неделя" қоғамдық-саяси газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияров шақырған. Гороховский қатысуға шақыру алған жастарға арналған тегін семинар "Журналистика мектебі" жобасы аясында өткізілген. Ахмедияровтың сөзінше, жоба Норвегия Хельсинки қорының грантын алған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG