Accessibility links

БАҚ: АҚШ Солтүстік Кореяға контрабанданы бақылайтын коалиция құрмақ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ пен оның одақтастары халықаралық санкцияларға қарамастан Солтүстік Кореяға отын тасымалдайтын кемелерді бақылау үшін коалиция құрмақшы. Бұл туралы АҚШ әскерилеріне сілтеме жасап америкалық Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Халықаралық тыйымды бұзған кемелердің қозғалысын бақылайтын үйлестіру орталығы Жапониядағы базада тұрған америкалық Blue Ride кемесінде орналаспақ. Орталық құрамына АҚШ-тың одақтастары Австралия, Ұлыбритания, Канада, Жаңа Зеландия, Франция, Оңтүстік Корея және Жапонияның елуден астам өкілдері де енбекші. Олар санкцияны бұзған кемелерді бақылауға әскери кемелері мен барлау ұшақтарын бөлмек.

Wall Street Journal мәліметінше, орталық құру Солтүстік Корея мен оның одақтастарына қарсы жаңадан шектеу шаралары енгізіледі дегенді білдірмейді. Бірақ басылым топ өкілдері санкцияны бұзғандарға қалай ықпал ететіні туралы ештеңе жазбаған.


АҚШ барлау қызметінің дерегі бойынша, Солтүстік Кореяға мұнай өнімдерін тасымалдаумен Ресей мен Қытайдың кемелері айналысады. Санкцияны бұзған кемелер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тізіміне енгізілген. Оларға Еуропа Одағының барлық порттарына кіруге тыйым салынған деп жазады Wall Street Journal.

Маусымның 12-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Сингапурде кездесіп, Пхеньянның ядролық қарудан кезең-кезеңімен бас тартуы жөнінде келіскен. АҚШ Пхеньян ядролық қарудан толық бас тартпайынша санкция күшінде қалатынын мәлімдеген. Ким Чен Ын Трамптың президенттік қызмет өкілеті аяқталғанға дейін денуклеризация жасауға уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG