Accessibility links

"Петров" пен "Боширов" туралы жаңа дерек шықты


Ұлыбритания билігі әкелі-балалы Скрипальдарға жасалған қастандыққа күдікті санайтын ресейліктердің фотосуреттері.

Ұлыбритания билігі Сергей және Юлия Скрипальдарға у беріп, қастандық жасауға күдікті санайтын Александр Петров туралы Ресей федералдық көші-қон қызметіндегі деректерде оның өмірі жайлы және 2009 жылға дейін берілген құжаттар туралы ақпарат жоқ. Ал ресейліктің паспортының деректері келтірілген файлда "мәлімет берілмесін" және "с.с." ("совершенно секретно" – "өте құпия") деген мөр басылған.

Ресейде ондай мөрді арнайы қызметте істейтіндер мен жоғары лауазымды шенеуніктер туралы құжаттарға басады. Мұндай деректі Bellingcat халықаралық зерттеу тобы мен Insider басылымы жариялады. Зерттеуде наурыздың 1-і күні Петров пен Бошировтың Лондонға билетті ұшып барардан бір күн бұрын алғаны айтылған. Бұған дейін кремльшіл RT телеарнасына берген сұхбатында екеуі сапарды ұзақ уақыт бұрын жоспарладық деп айтқан болатын.

Ресейлік "Новая газета" басылымы зерттеу құжаттарында көрсетілген телефон нөмірлерінің біріне назар аударады.

Ресей федералдық көші-қон қызметінің анықтамасында "мәлімет берілмесін" деген белгі соғылып, 195-79-66 деген телефон нөмірі көрсетілген. Бұл нөмір Мәскеудің Хорошев ауданындағы АТС-195 байланыс станциясына тиесілі. Осы ауданда Ресей қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының (ГРУ) штаб-пәтері орналасқан. Көші-қон қызметінің Петровқа берген анықтамасындағы телефонның Ресей қорғаныс министрлігіне тиесілі екендігіне тағы бір жолмен оңай көз жеткізуге болады. Кез келген іздеу сайты арқылы Петровтың анықтамасындағы алғашқы бес санды теріп, Ресей қорғаныс министрлігінің бөлімшелері мен соған қарасты құрылымдардың бірнеше телефон нөмірін табуға болады.


Мысалы, министрлікке қарасты "Зарубежное военное обозрение" журналының телефон нөмірі - (499) 195-79-64 (Петровтың анықтамасында көрсетілген нөмірден тек бір саны өзгеше). Журналдың редакциясы Бас штаб бас басқармасының штаб-пәтеріне жақын маңда орналасқан. "Сірә, Көші-қон қызметі Петровқа берген анықтамадағы телефон нөмірі олар қызмет атқаратын жердің кадр бөлімінікі болса керек", - деген болжам айтады "Новая газета" әңгімелескен арнайы қызметтің бұрынғы өкілі.

Қыркүйектің 13-і күні RT телеарнасы өздерін "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деп таныстырған екі ер адамнан алған сұхбатты жариялаған. Ұлыбритания билігі бұған дейін наурызда Солсбери қаласында бұрынғы ресейлік барлау агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға "Новичок" уын беріп, қастандық жасауға күдікті санайтын екі адамның видеосы мен фотосуреттерін таратқан. Олар Ұлыбританияға "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген адамдардың атына берілген ресейлік паспорттармен барған. Британ премьер-министрі Тереза Мэй оларды ресейлік әскери барлау агенттері деп атап, Солсберидегі қастандық операциясына Ресейдің саяси басшылығы келісім берген деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Солтүстікте нан қымбаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG