Accessibility links

Белсенді сотына Азаттық тілшісі қатыстырылмады


Сүйін Абулда, шымкенттік белсенді
Сүйін Абулда, шымкенттік белсенді

Қыркүйектің 17-і күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында "жалған куәлік берді" деген айыппен сотқа тартылып жатқан жергілікті азаматтық белсенді Сүйін Абулданың сотына судья Азаттық тілшісін қатыстырмау туралы қаулы етті.

Сот отырысына жәбірленуші мен оның адвокаты, айыпталушы Сүйін Абулда мен Марат Жұманов және олардың адвокаттары, психолог пен жеті куәгер және тыңдаушылар қатысып жатыр. Сот процесін судья Болат Қарабаев жүргізіп отыр.

Судья істі қарауды Азаттық тілшісінің сот процесіне қатыстыру туралы талап-тілегіне тараптардың пікірін сұраудан бастады. Айыпталушы Сүйін Абулда мен оның адвокаты және прокурор "журналистің қатысуына қарсылығымыз жоқ" екендерін айтты. Жәбірленуші мен оның адвокаты шешімді соттың қарауына қалдырды. Азаматтық белсендімен бірге айыпталып жатқан Марат Жұманов пен оның адвокаты Азаттық тілшісінің сот процесіне қатысуына қарсылық білдірді.

- Айыпталушы Сүйін Абулда мен жәбірленуші журналист болып жұмыс істеген. Журналистің ісі қаралып жатқанда журналистік этиканың сақталуына күмәнім бар. Бұл істің қаралуына кедергі етеді. Сондықтан қандай да бір журналистің сот процесіне қатысуына қарсылық білдіремін, - деді Марат Жұмановтың адвокаты Игорь Цой.

- Қылмыстық іс бойынша екі сотталушының ісі бірге қаралуда. Оның бірі Марат Жұманов пен оның адвокаты сіздің қатысуыңызға қарсы болып отыр. Сол себептен біз сізді сот залынан шығарып саламыз, - деді судья Болат Қарабаев Азаттық тілшісіне.


Азаматтық белсенді Сүйін Абулда алаяқтық ісі бойынша тергеушіге куәлік берген. Оның сөзінше, іс бір тергеушіден екіншісіне өткен кезде құжатқа "естідім" деген сөз "көрдім" болып жазылып, бұрмаланған.

Белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 420-бабымен (“Сарапшының, маманның көрiнеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма") іс қозғалған. Оның соты 14 тамызда басталған еді.

2017 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген белсенді кепілмен қамаудан босатылған.

Сүйін Абулда Азаттыққа кепілмен қамаудан босаудың өзі "үлкен машақат болғанын", бұл істің "азаматтық белсенділігімен байланысты, саяси астары бар" деп білетінін айтқан.

Белсенді бұған дейін 2016 жылдың 18 мамыры күні жер мәселесі бойынша митинг өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Сол уақытта бірнеше қалада үкіметтің жер реформасына қарсы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі әлеуметтік толқу болған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG