Accessibility links

Шардарадағы атысқа қатысты үшінші күдікті ұсталды


Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Түркістан облысы Шардара ауданы Достық ауылында бір адам мерт болып, екі адам жарақаттанған атыстан кейін аудандық сот қамауға алу туралы санкция берген алты адамның үшеуі ұсталды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.

Оның сөзінше, қылмыстық іске қатысы бар деген үшінші күдікті Тараз қаласынан ұсталған. Қазір іске қатысты күдікті деп танылған алты адамның үшеуі тергеу абақтысында отыр.

Оларға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және "Бұзақылық" баптары бойынша айып тағылған.


Аудандық сот судьясы Сапархан Омаровтың Азаттыққа хабарлауынша, қыркүйектің 8-і күні осы қылмыстық іске қатысы бар делінген 4 адамды қамауға алу туралы сырттай санкция берілген.

Ал облыстық ішкі істер департаменті күдікке ілінген тағы бірнеше адамға іздеу салынғанын айтады.

- Жалпы 8 адам күдікті деп танылған, Тергеу кезінде күдікке ілінген екі адамның қылмыстық іске қатысы жоқтығы анықталып, олардың статусы өзгертілді. Қазіргі уақытта қылмыстық істе 6 адам күдікті деп танылып, оларды қамауға алуға сот санкция берді, - дейді Салтанат Қаракөзова.

Қыркүйектің 7-і күні Шардара ауданы Достық ауылының маңындағы далада шаруалар төбелесіп, атыс қаруы қолданылған. Полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен екі адамды ұстаған. Олардың бірінен аңшы мылтығы алынғаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG