Accessibility links

Киев Мәскеумен жасасқан достық туралы шарт мерзімін ұзартпайды


Павел Климкин, Украина сыртқы істер министрі.
Павел Климкин, Украина сыртқы істер министрі.

Украина билігі 21 қыркүйек күні Ресейге Мәскеумен жасасқан достық, ынтымақтастық және серіктестік туралы шарт мерзімін ұзартпайтыны жөнінде ресми түрде ескертетінін мәлімдеді. Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин 19 қыркүйекте Киев мұндай ниеті туралы тиісті халықаралық ұйымдарға, оның ішінде БҰҰ-ға да хабарлайтынын мәлімдеді.

Екі ел арасындағы шартқа 1997 жылы 31 мамырда 10 жыл мерзімге қол қойылған. Шарт 10 жылдан кейін тараптар оның күшін тоқтату шараларын қабылдамаған жағдайда өздігінен тағы 10 жыл мерзімге ұзартылатын болған. Құжат 1999 жылы 1 сәуірде күшіне еніп, 2008 жылы қазанда 10 жылға ұзартылған.

Құжатта стратегиялық әріптестік ұстанымдары, шекаралардың мызғымастығы, тараптардың бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеуі және өз аумағын бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында қолданбау қағидаттары айқындалған.

"Осы шартты жасасушы тараптар тату дос, тең құқықты және егеменді мемлекет ретінде бір-біріне деген қарым-қатынасын өзара құрмет пен сенімге, стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастыққа негіздеп түзеді" делінген шарттың бірінші бабында.

Украина Совет Одағынан 1991 жылы 24 тамызда тәуелсіздігін жариялаған. Бұдан төрт айдан кейін СССР Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесі СССР-ді тарату туралы декларация қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG