Қыркүйектің 20-сында Астана соты сегіз жыл түрме жазасын өтеп шыққан азаматтың Қазақстан билігіне қарсы шағымын қарай бастады. 2011 жылы "терроризмді насихаттады", "террорлық акт жасауға шақырды", "террорлық топ құрды" деп айыпталып, түрмеде отырып шыққан Жасұлан Сүлейменов "тергеу жүріп жатқан кезде азапталғанын" айтып, бостандыққа шыққан соң сотқа шағымданған.
Бүгінгі сот отырысына Жасұлан Сүлейменовтің қорғаушысы Снежанна Ким, бақылаушы ретінде Қазақстандағы адам құқықтары бюросының өкілі Екатерина Кавлец және жауапкер тарап - Қаржы министрлігінің өкілі келді.
Есіл аудандық сотының судьясы Мәдина Дәулетова отырыстың алдын ала тыңдау екенін айтып, журналистерді қатыстырмады.
Жасұлан Сүлейменов түрмеге отырмас бұрын арбаға таңылған. "Жалған айып тағылып, жазықсыз түрмеде отырып шықтым" деген ол биліктен моральдық өтемақы талап етіп отыр. Бұдан бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура оның "азаптау туралы" арыздарын қабылдамаған.
- Мұндай қаншама тәжірибе бар. Менің алдымда басқа да шағымданғандар болды. Басқаларға өтемақы берген жоқ. Сонымен орта бағасын қойып, осындай зұлымдық істегені үшін, психологиялық және моральдық зардабы үшін медициналық тұрғыдан бәрін есептеп, адвокат айтқан бес миллион теңгені талап етіп отырмын, - дейді Жасұлан Сүлейменов.
Жауапкер тарап Қаржы министрлігінің өкілі Азаттыққа ұстанымын білдіруден, аты-жөнін атаудан бас тартты. Келесі сот отырысы қазанның 11-іне белгіленді.
ПІКІРЛЕР